Жеу

lat: Jeý

Же етістігінің қимыл атауы. 1. Ас ішу, тамақ алу. Ет ж е у ырымы аяқталып, сорпа ішіліп болысымен-ақ төре тұқымдары бір-бір сүйекті балаларына ұстатып, тез тарасып кетті (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.). Қытай кухнясының сұйық тамағын ішуге қасық, қою тамағын ж е уг е куайзэ (сапқы) аталатын, ұзындығы бір қарыстай ғана жіңішке екі шыбық беріледі (С.Мұқанов, Алып. адым.). Айтқан тілді алмайтын, Көршіміздің жиені, Әлі ж е у г е болмайтын Жұлатын көк шиені (Қ.Мырзалиев, Көктем). Жас малдың жұтқыншағы ісініп, жем ж е у і қиындайды, өкпесі шуылдап, ішінен қан өтіп, тез арықтайды (М.Қажымұратов, Пайдалы өсімдіктер). Бұрыш, жуа, Мұрын жарып кетті ащы. Көзін жұмып, біреу үнсіз бет басты. Әншейінде алды бермес бір ақын:Ж е у г е ғана шақырыңдар”, деп қашты (C.Жиенбаев, Алтын қалам). Балтасап пен балдырған, Мал мейірін қандырған. Бүлдірген мен бүрген шөп, Түлік мал ж е у г е таң қылған (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 2. ауыспалы мағына. Біреудің ақысын бермей қалу, кем беру, пайдалану. Сауда салты ж е у. Мондыбас шаруаны ең ақыры таразыдан да жейді (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).