Ғаламат

lat: Ǵalamat

с ы н есім. к ө т е р. 1. Айтып жеткізгісіз, керемет, тым ғажап. Бұл қауым жұрттың ғ а л а м а т ерлігінің, үлкен еңбегінің нәтижесі болатын (Б.Тоқтаров, Қырандар.). Сөйтіп, Шолпанда әзірше ашылмаған ғ а л а м а т қызық сырлар бар (Х.Әбішев, Аспан сыры). Саусақтарым бірімен-бірі матасып қалғандай. Аккордтың топалаңы шығып, астан-кестен дүрліккен бір ғ а л а м а т үн сапырылысып, құлағымды тұндырды (И.Жақанов, Қайта орал.). 2. Жан түршігерлік, жойқын, дүлей. Осы өңірде бұдан екі жыл бұрын жаз ішінде қалың қар жауып, ғ а л а м а т боран соққан (Ә.Нұршайықов, Менің Қазақст.). Осы бір ғ а л а м а т қантөгіс соғыстың алғашқы сағатынан ең соңғы күніне дейін талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізді (Ө.Жолымбетов, Шыңдалу). Жүрегіміз қорқады Жүз басында қауіп бар деген Пайғамбардың шартынан. Түрлі-түрлі ғ а л а м а т Аңдысып тұрсақ көңілің Жүз басының артынан (Кердері Әбубәкір, Қазағым). 3. Жердүниені алатындай күшті. Шарға от тисе ғ а л а м а т бомбадай жарылмақшы (Ш.Мұртазаев, Табыл. теңіз). Ғ а л а м а т күркіреген дүние түгел шатынап сынғандай. Әуеде қызыл-жасыл от қамшы үйірілді (Қ.Мұханбетқалиев, Жұлдызды.). Ай ішінде сан жарылысты саусақ бүгіп, санап жүріп, мұндай ғ а л а м а т күркіреуді Қапшағай өңірінен тұңғыш естуім (М.Қабанбаев, Кермек дәм). Саған жүзі жадырап, өзіне ғ а л а м а т бір күш біткендей баспаққа қонжиды (М.Сүндетов, Балық аула.). 4. Ерекше, елден ерек. Сол күні Арыстың бойында ғ а л а м а т аты шыққан Абылай хан бір қорғанға түсіп, ауырмай-сырқамай 68 жасында опат болған (М.Дулатов, Шығ.). 5. Таңғажайып, таңғаларлық. Қолындағы аппараттың шындығында да ғ а л а м а т қасиеті бар екен (Т.Сұлтанбеков, Лұқпан Хакім). Әншінің ғ а л а м а т даусынан басқа тырс еткен дыбыс естілмейді (Қ.Боқаев, Өнерпаз.). Жүріп келем таулардың ортасында, Сан ғ а л а м а т үрей тұр шор тасында. Сан салалы сай-жыра қойнына алды, Солай ма екен?! Батырлар, қорқасың ба?! (М.Мақатаев, Шығ.). 6. Ерекше, сұлу. Нұрәлі өзіне бір ғ а л а м а т былғары пальто сатып алды (Б.Соқпақбаев, Өлгендер.). Сонда жігіт былай депті: - О, құдірет мекенім, бұл ғ а л а м а т сыйлығыңды қалай өтер екенмін?! (М.Шаханов, Ғасырлар.). // Таңғажайып құбылыс. Ең әуелі айға ұшып барып, ғ а л а м а т т а р ы н тексеріп келер едім-ау (Н.Ғабдуллин, Қызық дәурен). Он төртінші ғасыр тудырған ғ а л а м а т т а р д ы ң бірі - Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауи ескерткіші. Бірақ өкінішке орай, осы алып ғимараттың оң қанатын сәулеттендіру жұмысы аяқталмай қалған (М.Шаханов, Ғасырлар.). Мүмкін сондай бөәле ме, әйтеуір, жан түршігер бір ғ а л а м а т деді сөзін қайта жалғап (І.Есенберлин, Қаһар). Әлемдегі ғ а л а м а т Игілікке арналса, Өнері ортақ азамат Еңбекте ғана арланса Оқу-білім өркеймек, Елге егіп пайдасын. Ел жетіліп, көркеймек, Өнер қанат жайғасын (С.Торайғыров, Алаш ұраны). Қанша малдың қанын жүктеп жүріп тап мынадай ғ а л а м а т т ы көрмеген Біршек ыр етіп бас салды да, қауып-қауып асай бастады (С.Жүнісов, Ақан сері). // Қырсық, пәле. Жібек сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй деді: «Дінсіз жауды кез қылып, Басыма салды ғ а л а м а т» (Қыз Жібек). Хақтағала ешқашан пәндәларына бір-бірін өлтіруді парыз етпесе керек! Ендеше, Құдайға, құранға қарсы ғ а л а м а т т ы тыю керек (О.Сәрсенбаев, Сағым). // Бұқаралық сана мен адам сезімінің белгілі бір қалпына тән ұғым. Адамзат баласы білім қорының жұтаң, санасының сәби кезеңінде табиғаттың дүлей күштерін нағыз ғ а л а м а т деп есептеген (ҚҰЭ). Рухани өмірдегі ғ а л а м а т ұғым белгілі бір нәрсе мен құбылысқа қатысты адам сезімінің тылсым таңданысын білдіреді (ҚҰЭ).