Жинақта

lat: Jınaqta

етістік. 1. Бір нәрсені жинау, көбейту, молайту. Азды-көпті ж и н а қ т ағ а н ы м ы з ұсталып кетсе, мұрша келмей қалар деп ойлағанымыз ғой, деп Жылыспай барлық жайды шұбырта сөйледі (С.Бегалин, Уақыт.). Жержүзінің көптеген халықтары топырақты қалай өңдеу, күту қажеттігін ұзақ өмір тәжірибесі арқылы ж и н а қ т а д ы (С.Ысқақов, Табиғат.). Бұлар сарайға кіргенде, учетчик қырман басындағы адамдардың кеше тапқан еңбеккүндерін ж и н а қ т а п жатыр екен (Ә.Нұршайықов, Тың астығы). 2. Топтау, типтендіру, жалпылау. Ж и н а қ т а й айтқанда, біздің жігіттің сүйген қызына қалай жетем десе де мүмкіншілігі толық (Р.Райымқұлов, Бұрылыстар.). Қашанда өткені мен жеткенінің ара соқпағын алшақтатпай, алды-артын ж и н а қт а п түгендеп жүреді (Ж.Кәрменов, Ақылбай.). Сатиралық өткір суреттеу жекелеген фактілерді адам характерлерінің кейбір белгілері мен сипаттарын жеке құбылыстан әлдеқайда толық, күрделі, типтік образға ж и н а қ т а йд ы (Қ.Нұрмаханов, Дос лебізі.). 3. Бір нәрсені бытыратпау, шашыратпау, ықшамдау. Ол үйір жылқының алдында үш аттылы, артында қайыра айдап екі адам ж и н а қ т а п барады екен (X.Есенжанов, Тар кезең). Сөйтіп, өзім қалған топты тез ж и н а қ т а п, ығысуға бет түзеттім (Х.Есенжанов, Тар кезең). Қойдың артын    ж и н а қ т а п, ауылға жеткенше енелеріне жамыраған төлдер жайлауды бастарына көтерді (К.Оразалин, Ақ жазық.).