Дәлелдеу

lat: Dáleldeý

Дәлелде етістігінің қимыл атауы. 1. Пікірін, ісін т.б. айғақтау, дәйектеу. Бұл пікірді д ә л е л д е у үшін мен өзім білетін біраз адамдардың өмірінен мысалдар келтірейін (С.Байжанов, Сұңқар көңіл.). Шынымен мұның алысуға, өз ісін д ә л е л д е у г е шамасы келмегені ме? (Б.Тілегенов, Уақыт.). Кез келген пікірін энциклопедиялық біліммен қарулана отырып д ә л е л д е у г е тырысатын кітаптың сапалық қуатын одан әрмен арттыра түседі («Қаз. әдеб.»). 2. Ғылыми тұжырымды дәйектеу. Жай айта салу бар да, оны ғылыми жолмен бұлтартпай д ә л е л д е у бар ғой (Қ.Жұмаділов, Саржайлау). Ең әуелі Лобачевскийдің өзі де басқа ғалымдар сияқты бесінші постулатты дәлелдеуге әрекеттенді. Бірақ кейіннен өзінің де, басқа ғалымдардың да д ә л е л д е у л е р і н і ң мағынадағы математикалық дәлелдер емес екенін көрді (О.Жәутіков, Жаратылыстану.).