Жиілік

lat: Jıilik

зат есім. 1. Арасы жақындық. Ағаштар мен бұталар тұқымдарын себуде негізгі факторлар оның себілу мерзімі, ж и і л і г і, тереңдігі (М.Ахметов, Егін қорға.). Завод қаласында жанған электр шамының ж и і л і г і аспандағы жұлдыздан кем емес (С.Мұқанов, Аспаз). Көшеттер ерте көктемде, топырақты ылғалдың мол шағында, 78 күн ішінде бірқалыпты ж и і л і к т е отырғызылады (А.Балтабаев, Шөлде.). 2. Молдық, көптік; қоюлық. Менің көзімді тұндырған бір нәрсе Қызылжардың бергі жақ қайқаңына үйілген маялардың ж и і л і г і (С.Мұқанов, Өмір мектебі). Дауылды жерлердің ж и і л і г і, асқақ бұйра толқындар қабылдау, тасымал флотының теңізшілерінен нағыз теңіздік шынығуды талап етеді (М.Тайыров, Балқаш.). 3. Жиі кездесушілік. Қарында болатын қатерлі ісіктер өзінің ж и і л іг і жағынан дүниежүзінде алдыңғы орындардың бірін [40%] алады (X.Әбисатов, Қарын рагы). 4. Жылдамдық. Біздің зерттеуден өткізген аурулардың тек 15-нен тамыр соғысының ж и і л і г і, тек 22-нен қан айналымының бұзылуы анықталды (С.Табынбаев, Жемсау.). Түрлі түстер дегеніміз әртүрлі сәуленің көз қарашығына әртүрлі сәуле ж и і л і г і н і ң әр түрлі әсері (А.Қалығұлов, Жарық.). 5. физикалық. Токтың ағым күші. Желім мен матаны ұстатуға жоғары ж и і л і к т е г і ток және ультра дыбыстар қолданылады (Физика). 6. музыкалық аспап. Тербеліс жылдамдығы. Ж и і л і г і жоғары тербелісті музыкалық қабілет жақсы қабылдайды (ҚҰЭ). Ал адам қабылдай алатын тербелістің шектеулі ж и і л і г і 400-500 Гц. (ҚҰЭ).