Дөрекі

lat: Dóreki

с ы н   е с і м. 1. Тұрпайы, анайы, тым қарабайыр (сөз, қылық). Қыстан қалған қоқым-соқымды, әлдекімдердің д ө р е к і күлкісін, сұғанақ көзін, бояуы қашқан мүсіндерді, ескірген газет витриналарын көрмеді, естімеді (Х.Әдібаев, Таңбалы.). Қыбы қанып Түрік сұлтанның атына айтылған сөздер неғұрлым д ө р е к і, былапыт болған сайын, әлгілердің соғұрлым қыбы қанып, жандарына жаға түседі (М.Шоқай, Таңд. шығ.). Қаншама сыйымды ғып айтам дегенмен Ерғалидың осы сөзі - есіткен құлаққа бір түрлі жат, д ө р е к і секілденіп тұрды (Б.Майлин, Таңд.). 2. Бейахлақ, адамның намысын қорлайтын (іс-әрекет). Әбден үрейлері ұшқан саяхатшылар автобустың есігін ішінен жауып алып, полицейлер келіп, оларды қайыршылардың торынан босатқанша тапжылмастан отырған көрінеді. Бұл әбден шектен шыққан д ө р е к і әдіс (Ә.Шәріпов, Қапаста.). 3. Дөкір, оспадар, ұрда-жық (мінез, қимыл, т.б.). Әкесінің өркеуде озбыр д ө р е к і мінездері ұнамайды оған (С.Байжанов, Замандас.). Осы бір шаш ал десе бас алатын, ұрда-жық д ө р е к і адамды Машановтың неге ұстап жүргенін Дәнеш басында түсіне алмай дал болған (Қ.Жұмаділов, Саржайлау). 4. Оғаш, қиқы-жиқы, келіссіз. Ең қорлық нәрсе, сағанақтар дұрыс айқаспайды. Шаңырақ көздері д ө р е к і, уықтар дұрыс қаламдалмаған («Мәдениет және тұрмыс»). Дінмұқан да ішінен елжіреп, д ө р е к і тұрпатты мына жігітке сүйінгендей болды (Д.Досжанов, Тұлпар.). 5. Жуан, нәзік емес. Сүйек заттары сүйектің қабаттарын түзгенде, бірде пластинкалы, бірде д ө р е к і талшықты сүйекке тән көпіршелер түрінде пайда болады (Қ.Нұғматжанов, Гистология).