Кезек

lat: Kezek

з а т е с і м. 1. Бір нәрсенің реті, жөні, орайы. Біраздан кейін ән салу к е з е г і Құралайға да тиді (Н.Сералиев, Ақ қайың). Әуелгі к е з е к менікі, Соңғы к е з е к сенікі, Қалаған жерден атамын (Ер Тарғын). 2. Бір нәрсе алу үшін, бір жерге кіру үшін, тәртіппен бірінен соң бірі тұрған адамдар тізбегі. Бейсен де к е з е к к е тұрып, бес-алты жаңа газетті әрең алып шықты (О.Сәрсенбаев, Сағым). Күтіп отырып к е з е г і м жеткенде дәрігерге кірдім (Қ.Тайшықов, Окт. ұшқыны). Сөйледі Амангелді к е з е к алып, Бүркіттей саңқ-саңқ етті топты жарып, Еңіреген, езілгенді айтқан сайын Аузынан ақтарылды алтын тарих (О.Шипин, Дастан.). 3. Жұмыс уақытының алмасып келу тәртібі (жүйесі), ауысым. Мен үнемі таңертеңгі к е з е к т е істеймін (I. Есенберлин, Ғашық.). Өзі кешкі к е з е к т е істейтін болғандықтан, бүгін тынығып жатыр екен (Д.Исабеков, Бекет). Күн сенбі. Екінші к е з е к т е оқитын бала сабақтан кеш шығады (Ж.Молдағалиев, Айналайын.). Бірінен кейін бірі, алма-кезек. Мынау сіздің өз суретіңіз бе? Тіпті аумай қалған екен, деді сурет пен оригиналға к е з е к қарап (Т.Ахтанов, Боран). Құм мен тас к е з е к соғып, қамшы ұстаған қолын да қарыстырып бара жатқан сияқты (Ғ.Сланов, Шалқар). Кімге болсын өліп- өшіп тұратын қара кемпір екі бетінен к е з е к сүйді (А.Жақсыбаев, Қайырлы.).