Кемшілік

lat: Kemshilik

з а т е с і м. 1. Кемістік, олқылық. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, к е м ш і л і г і н көрсеткен де Абай («Абай»). Өткен жылдарда мал қыстатуда кездескен қиыншылықтарды қайталамау үшін, жемшөп дайындауда ешқандай да к е м ш і л і к к е жол берілмеуі керек («Соц. Қаз.»). һәр түрлі к е м ш і л і к т і ғибрат қып, Етеді басқа жұрттар бізді мазақ. «Бекер» деп құр кеудеге сала бермей, Бізге де лайық қой мойынға алмақ (М.Дулатов, Шығ.). Айтылған, көрсетілген к е м ш і л і к т е р түгелдей рас. Сыннан дұрыс қорытынды жасаған жөн (С.Бақбергенов, Адам.). Біздің басты к е м ш і л і г і м і з бірірімізден үйренбейміз, бірірімізді үйретпейміз (С.Бақбергенов, Адам.). 2. Қателік, әбестік, білместік. Бұл күні Бауыржан ешбір к е м ш і л і к т і кешірмейтін, әр нәрсені өз атымен атайтын адам боп көрінді (С.Бақбергенов, Қарға там.). Бүгін жіберген к е м ш і л і г і н ертең қайталамауға, бүгінгі жақсысын ертең ең мақтаулы қатарға жеткізуге күш салады (С.Хайдаров, Құрыш Білек.). Үйренген халықпыз ғой к е м ш і л і к к е, Талпынып ұмтылмайтын кеңшілікке (М.Дулатов, Шығ.). 3. Жоқшылық, мұқтаждық, тапшылық. Иранның мұндай к е м ш і л і к халінде қалуының себебін Қаджар тұқымынан өрген парсылардан көрді (С.Шарипов, Бекболат). Жер үстіндегі адам баласының тұрған жерін, тұрмысын, к е м ш і л і к т е р і н, көріп отырған жәбірлерін, оның себептерін айтып түсіндіреді (С.Шарипов, Бекболат). Міне, содан бері 4 жыл өтті, Қазіргідей заманда бұл аз уақыт емес. Содан бері талай к е м ш і л і к т е р түзетілді (М.Дулатов, Шығ.).