ЖЫР

lat: JYR

қазақ халық поэзиясының жанрлық түрі, түпкі, негізі мағнасында өлеңмен баяндалатын, жырлап айтатын уақиғалы, көлемді поэзиялық шығарма (батырлық жыры, эпостық ғашықтық жырлар). Сонымен бірге стильдік ерекшеліктері, өлең өрнегі жағынан оларға ұқсас толғау, терме секілді көлемі ықшамдау поэзиялық үлгілер де жыр деп аталған. Жыр ырғағы жетісегіз буынды тармақтарға негізделетіндіктен, осындай тармақтар еркін топтасып, түйдектеліп келетін өлең өрнегін де жыр өлшемі деген мағынада жыр деп атай береді. Жыр ырғағы жеңіл, ширақ, жайлап – баяу айтуға да, тездетіп, екпіндетіп айтуға да лайық. Жеті буынды тармақтары төрт және үш буынды бунақтардан құралады (4 буын – 3 буын), сегіз буынды тармақтары басы үш буынды, ортасы екі буынды, соңы үш буынды бунақтардан құралады. (3 буын – 2 буын – 3 буын). Фольклордағы жоғарыда аталған батырлар жырынан басқа тарихи жыр, ғашықтың жыр, жоқтау тәрізді жанрлар, жыраулар поэзиясы түгелге делік және ақындық поэзиядағы көптеген сөз үлгілері осы өлшеммен шығарылған. Егер кей жанрдағы шығармалар өзге өлшемдерде де (мәселен 11 буынды қара өлең) туып отырса, толғау мен терме ғасырлар бойы жыр өрнегінен айнымаған. Жыр да өлең сияқты, халық поэзиясының негізгі жанрлық түрі саналған. Жыр негізінен белгілі бір әуенмен термелеп айтылған. Көлемі шағындау туындыларды тақпақтап айту кейінірек қалыптасқан. Жырдың қазақ поэзиясында атқарған қызметі аса зор. Оны жазба әдебиет өкілдері де (Абай, Сұлтанмахмұт т.б.) орнымен әдемі пайдаланған. Буын санының бірқалыпқа түсіп, тұрақтануы жыр дамуының соңғы кезеңдерінде пайда болған құбылыс. Көне замандардағы жыр өлшеміне аралас буын тән болған, яғни, ұзынды-қысқалы тармақтар көмектесіп отыратын болған. Бұл құбылыстың сілемдері қазақтың толғауларында, ноғайдың йырларында, құмықтын ойлы йырларында, башқұрттың кобай ырларында, қырғыздың санатында сақталған. Тармақтарында буын саны 7ден 15ке дейін жетеді. Аралас буынды үлгілер кейде қазақ поэзиясындағы көне жырларда кездесіп отырады. Жырда жеті-сегіз буынды тармақтар еркін түрде әр қалай топтасып, белгілі мөлшер сақталмай, түйдек-түйдегімен келіп отырады. Өлеңдегі шумақтар ұйқастық ретімен екі қос тармақ, төрт тармақ, алты аяқ секілді тұрақты өрнекті сақтаса, жыр тармақтары түйдек (тирада) түрінде шоғырланады. Тарихигенетикалық тұрғыда түйдек – тирада шумақтан бұрын қалыптасады. Сондықтан жыр өрнегі өзге өлшемдерге қарағанда әлдеқайда ерте туды деуге толық негіз бар. Тирада үлгісінде тармақ пен ұйқас мөлшері және олардың арақатынасы қатаң сақталмай жиі өзгеріп, құбылып тұрады. Дәл осы қарапайым ерекшелікке көпке дейін ғылыми мән берілмегендіктен, жырда да басқа өлшемдегідей егіз, шалыс, тағы сондай басқа ұйқас түрлері болады деп есептеліп келді. Мұндағы басты қателік түйдек ішінде кейде кездесіп қалатын үйлесім – өрнектерді шумаққа теңгеруден туған еді. Бірақ ондай өрнектер үнемі сақталмай, тек аракідік кездесетіндіктен, олар шумақ бола алмайды. Жырда ең, көп қолданылатын аралас ұйқас (полирифма) түрі. Мұнда негізгі ұйқас пен қосымша ұйқас еркін араласып, өріліп келеді. Негізгі ұйқас (немесе желілі ұйқас) түйдектің өн бойына созылып, ұзақ сақталады да, ал ара-арасында жекелеген тармақтар өзара үйлесіп, қосымша немесе жанама ұйқас туғызады. Сонымен қатар жырда бірыңғай дара ұйқас (монорифма) та кездеседі. Көптеген тармақтар түйдек-түйдегімен біркелкі үндеседі. Жыр деген сөз әдетте ауызекі тілде болсын, сын-зерттеу еңбектерінде болсын, әр түрлі ауқымда, әр түрлі мағынада қолданыла беретінін көреміз. Нақтылы поэзиялық жанрларды бөл мей, сараламай, кең мағынасында айтылғанда, өлең шығарамалардың бәрін тұтастай жыр деп атау, бәрін де өлең деп атау қазіргі кезде кездесе береді. Көне түркі тіліндегі «йыр» сөзі поэзиялық туындыларды, өлең-жырларды түгелдей қамтыған. Дәл осы тұрғыда қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қарашай, башқұрт, татар тілдерінде күні бүгінге дейін қолданылады. Бірақ бұл сөздің жалпы мағынасымен қатар нақтылы терминологиялық мәні бар екенін ескеру керек, сол ретпен келгенде қазақ әдебиеттану ғылымындағы «жыр» термині алдымен поэзиялық жанрлық түрді білдіретін ұғым деп және осыған орай өлең, өлшемінің атауы деп қараған дұрыс. Шаңбаев Т.