КЕЙІПКЕР

lat: KEIİPKER

(персонаж)көркем әдебиетте роман, повесть, әңгімеде, драмалық шығармада, поэмада бейнелетін уақиғаға қатысушы. Әдебиетте адамның көркем бейнесін суреттегенде, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттармен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді де (әсіресе, жүріс-тұрысындағы, сырт келбетіндегі, сөйлеу әдетіндегі) анық байқалатындай етіп көрсетеді. Көркем бейненің типтік өзгешелігі қоғамдық өмірдің ішкі сырын, мәнін ашып беру үшін қандай қажет болса, оның даралық, жекелік сипат-белгілері адам тұлғасын, іс-әрекетін, мінез-құлқын көзге айқын елестету үшін, нақтылы қалпында көріп-білу үшін сондайлық қажет. Атап айтатын нәрсе көркем бейнеге тән типтік және даралық сипат-ерекшеліктер екі бөлек жатқан, екідай болып, ажырап көрінетін ерекшеліктер емес. Кейіпкердің іс-әрекетіндегі, мінезіндегі көптеген жекелік сипат-белгілер өзінің даралық, нақтылық қалпын сақтай отырып, типтік мағына да алады, сол ортадағы басқа адамдарға да тән қасиетті танытады. Кейіпкердің типтік бейнесін суреттеу қоғамдық өмірді жан-жақты, терең зерттеп, білгенде ғана ұтымды болады. Өйткені көркем бейненің типтік қасиет-сипаты неғұрлым арта түскен сайын, оның өмір танытарлық күші де солғұрлым арта түседі. Кейіпкердің атқаратын міндеті драмалық шығармада айрықша сипат алады. Өйткені мұнда уақиға бастан-аяқ соған қатысушы кейіпкерлердің айтқан сөздері арқылы баяндалады. Әр кейіпкердің мінез-ерекшслігі, ой-өрісі, сана-сезімі көбіне-көп оның айтқан сөздерінен байқалуы тиіс болады. Сондықтан драмалық шығармада ширақ сюжет құру, өмірлік тартысты айқын, дәл көрсету шеберлігімен қатар, кейіпкерлерді ұтымды, қисынды сөйлете білу шеберлігі де айрықша маңызды болып шығады. Роман мен повестерде баяндалатын уақиғаға қатысатын кейіпкерлер тұлғасын бейнелеу үлкен орын алады. Романда, әсіресе, повесте кейде өзгелердең көбірек, жан-жақты, толық суреттелетін басты кейіпкерлер болатыны байқалады. Бірақ көлемді көркем шығармада, әдетте, бір емес, бірнеше, тіпті ондаған адамның бейнесі мүсінделеді. Мысалы, Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты романын алсақ, мұнда аса көп және саналуан кейіпкерлер бар. Және біреуді басты кейіпкер деп көрсету мүмкін емес. Мұндағы басты кейіпкер деп халық бейнесін ғана алуға болады десек, оның өзінде де көптеген адамдардың шоғырланған үлкен тобын айтқан боламыз. Кейіпкердің тұлғасын, мінезін суреттеу өзгешелігі әдебиетте көркемөнерде қолданылатын әдіске сәйкес болады. Айталық, романтизм әдісі қолданылған шығармадағы кейіпкерлерді суреттеу тәсілі бір түрлі де, реалистік әдебиеттегі кейіпкерлерді бейнелеу тәсілі бір бөлек. Реализм әдісі әдебиет пен көркемөнер шығармасында кейіпкерлердің тұлғасын, мінез-әрекетін мейлінше шынайы суреттеуге мүмкіндік береді. Адам мінезін, тұлға, бейнесін өзгеріс, даму үстінде алып, өмірлік күрeс-тартыспен ұштастырып көрсету бұл реализм әдісінің ең бір ұтымды жағы. Ахметов З.