ОҚЫРМАН

lat: OQYRMAN

әдеби шығарманы қабылдайтын ортаның өкілі. Жазушы шығарманы тудырушы болса, оның қаншама ұзақ өмір сүретіні, әдебиетте қандай орын алатыны оқырмандарға байланысты. Сондықтан шығарманы оқырмадардың қалай қабылдап, зейінге алатынымен, сезініп-түсінетінімен жазушы санаспай отыра алмайды. Ол шығарма жазғанда белгілі ортаның ой-санасын, идеялық мақсат, тілек-талаптарын, көркемдік ұғым-түсініктерін ескереді. Оқырман дегенді тек дайын шығарманы зейінге алып, қабылдаушы деп қана түсінбеу керек. Оқырман қауым жазушының творчестволық процесіне ықпал жасайды. Жазушы өз творчествосында болашақ оқырмадардың тілек-талаптарымен, ұғым-түсініктерімен қалайда санасады. Яғни, оқырман қауымның көңілінен шығуды ойлайды деуге болады. Бірақ, мұны тар мағынасында тусінбеу керек. Жазушы, әрине, өзін терең толғантатын ірі қоғамдық мәселедерді қозғауға күш салады. Сонымен бірге ол өзі айтып отырған жайлардың, өмір шындығының оқырман қауымға қаншалықты жақын, қызықты екендігін ескермей отыра алмайды. Өйткені, автор түптеп келгенде шығарманы өзі үшін ғана емес, көпшіліктің, қалың оқырмандардың назарына салу үшін жазады. Ауыз әдебиеті дәстүрінде өлеңді, жырды жұрт алдыңда табанда шығарып айтатын ақын, жыршылар өз тыңдаушылармен тікелей байланысты болады, тыңдаушыларға ненің, ұнайтынын, оларды не қызықтырын, не жағатынын жіті байқап, олардың талабын, талғамын жанымен сезініп, сол талаптарға тиісті жауап беруге тырысады. Ал жазба әдебиетінде көркем шығарма баспа арқылы жарияланып, таралатын жағдайда жазушы мен ақырман арасындағы қарым-қатынас, өзара байланыс-жалғастық айқын көзге көріне бермейді. Ал бірақ ондай байланыс, жалғастық бар екені ешбір даусыз. Әдеби шығарма оқушы қауым көпшілік қабыл алып, қажетіне жаратқанда ғана, халықтың мәдени мүлкіне айналғанда ғана өзінің қоғамдық міндетін атқара алады. Олай болса шығарманы оқырмандар қалай қабылдап, түсінетіні аса маңызды мәселе. Бұл жағына көңіл аудармай, шығараманың оқырманға қандай идеялық ықпал жасап, көркемдік әсер беретінін анықтау қиынға соғады. Оқырмандарды шығарманы қабылдап сезіну, түсіну ерекшеліктерін белгілейтін жағдайларды сөз қылғанда, оның ой-сезім өзгешелігі, өмір тәрбиесі, қандай ортада туып-өскендігі, қай ұлттың, халықтың өкілі екендігі, тағы сондай жайлар әсіресе ма ңызды болады. Әдеби шығарманың тәрбиелік мәнін, оқушы қауымға қандай идеялық-көркемдік әсер беретінін толық анықтау, айқындау үшін, оқырмадардың, олардың, әр түрлі топтарының шығарманы белгілі ортада, нақтылы жағдайда қалай қабылдайтынын, ұғып-түсінетінін айқын ашып көрсету шарт. Әдеби шығарманы оқырмандардың қабылдауы әдебиет зерттеу ғылымы тұрғысынан алғанда келелі мәселе екені көркем аударма проблемаларын тексергенде айқын аңғарылады. Әдеби шығарма қай қоғамда туса, қай тілде жазылса, сол ортаның, сол халықтың мәдени дәстүрлерімен, ұғым-түсініктерімен тығыз байланысты болатыны белгілі. Оны екінші бір тілге аударғанда басқа халықтың өкілдері шығарманын, кейбір тұстарын, жеке ерекшеліктерін басқаша сезінетіні белгілі. Бұл жағдай тіл өзгешеліктерінен ғана тумайды, екі халықтың өміріндегі, мәдени дәстүрлеріндегі, әдеби салттарындағы, ұғым-түсініктердегі өзіндік ерекшеліктермен де жалғасып жатады. Ахметов З.