ТҮСІНІКТЕМЕ

lat: TÚSİNİKTEME

(комментарий) көркем шығарманың қандай жағдайда, қай уақытта жазылғаны жайлы анықтама, оның идеялық мазмұнын, құрылыс бітімін неғұрлым терең танып-білуге қажетті деректер. Ал кең мағынасында түсініктеме қандай да болса айтылған бір ойды, келтірілген дерек-мағлұматты анықтай түсу, мағынасын ашып беру. Әдеби шығармаларға беретін түсініктемелер бірнеше саладан құралады. Айталық, шығарманың тексті қандай, немесе қолжазба қандай (қашан, қайда жарық көрген) басылым негізінде берілгенін көрсету. Мысалы, Абай шығармаларының көпшілігі Мүрсейіттің қолымен жазылған қолжазбамен, сонымен қатар ақынның 1909 жылғы шыққан алғашқы жинағымен және одан кейінгі жылдардағы жинақтарымен салыстырылып, олардағы жеке сөздердің айырымы, соңғы баспада текст, түзетіліп алынған әр сөз қайнұсқаға (қолжазба, баспа) сүйеніп алынғаны көрсетілді. Шығармаға тарихи-әдеби түсініктеме бергенде қойылатын мақсат оның қандай нақтылы оқиғаға, байланысты жазылғанын анықтап, сол шығармада аты аталатын жеке адамдардың өмірі жайлы мағлұмат беріп, шығарманың мазмұн-мағынасын айқындай түсу. Бұған қоса шығармада кездесетін көпшілікке белгісіз жеке сөздерді,жер, су аттары секілді сан түрлі атауларды түсіндіру жиі кездеседі. Бекниязов Т.