ШЕЖІРЕ

lat: SHEJİRE

(араб, шәджәрә) халықтың құрамына кіретін тайпа-рулардың тегін таратып, бір-бірімен туыстың дәрежесін айыратын тізбе. Шежіре негізінен қара сөзбен, кейде өлеңмен жазылады, көлемі әрқалай боп келеді. Арғы ата-бабалардың, тайпа, рулардың басталуы, таралуын көрсететін тізбе шежіренің және бір мағынасы бойынша, ол тарихи жазба ескерткіш. Әбілғазы Баһадүр ханның «Шаджараи түрік» атты кітабы XVII ғасырда жазылған түркі жазба ескерткіштерінің бірі. Автор бұл кітабын жазарда Рашидаддиннің «Жамиат тауарих» шежіресі мен Шыңғысхан ұрпақтарының бірнеше нұсқалы шежірелеріне сүйенген. Қарапайым халықтың сөйлеуі тілімен жазылған. Бұл әдеби ескерткішті орыс, өзбек, қазақ ғылымдары зерттеген. Ескерткіштің кейбір жерлері өлеңмен жазылған. Кезінде Абай, Шоқан таныс болған. Бірнеше еуропа тілдеріне тәржімаланған. Қазақ тілінде жазылған шежірелердің қағазға түскені, басылып тарағаны аз емес. Мысалы: XVI ғ. Қадырғали бек, XX ғ. Шәкәрім жазған шежірелер. Күмісбаев Ө.