Тәтті

lat: TÁttİ

с ы н. 1. Дәмі бал, қант, кәмпит сияқты; тіл үйіретін.

Бұл қауындар басқа қауындарға қарағанда әлдеқайда тәтті(А.Алманиязов, Қазақст. қауын.).

Дұрыс ұйықтау үшін түнге қарай бір стакан тәтті компот не тәтті кисель ішкен жөн (С.Сұбханбердин, Дәрі дауа.).

2. Дәмді, нәрлі, жұғымды, сіңімді.

Болғайсың таудан аққан тәтті бұлақ, Ыстықта шөлдегендер жабылатын. Қысылған мұхтаждарға жәрдем беріп, Халықтың өзіне аудар махаббатын (М.Дулатов, Шығ.).

Ойын-сауықтың, тіпті, қызық болуы үшін қымыз, қазы, қозыдан басқа қант, шай, ұн, тағы қаланың басқа түрлі тәтті тамақтары керек қой (М.Жұмабаев, Шығ.).

Қолдарына түскен тәттісін баланың қолына ұстатады (А.Жұмаділдин, Қайырлы.).

О баста қант беріп, тәттіге үйір қылған мен едім (Ш.Мұртазаев, Қара маржан).

3. а у ы с. Артық, қымбат.

Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және хақ жолы осы деп әділетті (Абай, Тол. жин.).

Жалғыз жатып ойланам, Күңіренемін, толғанам: Балдан тәтті өмір не? Қорқынышты өлім не? Жалынды жүйрік жас жүрек Неге ақырын сөнеді? Бұған жауап кім табар? (М.Жұмабаев, Шығ.).

4. а у ы с. Жанға жайлы, жағымды, сүйкімді.

Ай,жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар, Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар? Күндізгі харекеттен босағанда, Өзіңе-өзің тиген тәтті түн бар (Абай, Тол. жин.).

Неткен жақсы, неткен тәтті бұл минут! Бізге қарап, бақшадағы гүл күлед. Жәметайым! Жан-жағыңа қарашы! Жер де, көкте жаңа түсте түрленед! (Ж.Аймауытов, Шығ.).

5. а у ы с. Ынтымақты, тату, сыйлас.

Боп жүрді екі жағы тәтті құда, Бой жетті екі қыз да болып бұла. Отаулап қырғыз қызын ұзақ алды, Балта бай беріп болды бәрін бұ да (I.Жансүгіров, Шығ. жин.).

Бір жыл туып, бірге скен, Тату едік, тәтті едік (Қ.Жұмалиев, Қырда.).

6. Өмірдің қызығы, рақаты, жақсы жақтары.

Тәттісін де, ащысын да көрдік қой бұл дүниенің (К.Сақабаев, Өткел.).

Махаббат жолы шұбар шың, Шықпасаң қандай баққа сан? Тәттісін қалай ұғарсың, Ащының дәмін татпасаң? (Ж.Молдағалиев, Шығ.).