Тоғай

lat: TOǴAI

з а т. 1. Өзен бойларындағы жабайы өскен әртүрлі қалың қу ағаш.

Сарыарқам қайда? Алыста! Жүрмін мен мұнда нағылып?! Ерте күнде Еділдің Ертегі деген тоғайын. Дүлей тоғай ішінде Орманбеттің ноғайын, Арқада жатқан алты алаш Ол күнде болған ағайын (М.Жұмабаев, Шығ.).

Еділдің бойындағы кең тоғайларды, теңіздің жағасындағы қалың нуларды қазақ әуелгі уақытта емін-еркін қоныстанушы еді (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).

2. Шөл және шөлейт аймақтардың жайылма сулы өзен алаптарында өсетін бұта аралас орман.

Тоғай Орта және Орталық Азияның шөл, шөлейт зоналарындағы ірі өзендер жағасындағы жиі, арасынан адам өткісіз терек, тал, шырғалаң, жыңғыл, жиде орманы (Физика. география).

3. Орманның негізгі алқаптан оқшауланған шағын бөлігі.

Көк тоғайдан сәлем жолдап бір ыстық, Мыңсайрамдар көрсетті-ай кеп туыстық Мөлдіреуден мен су ішіп тұрғанда Қарандыздың жапырағын ыдыс қып (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).