Тұсаукесер

lat: Tusaýkeser

з а т. 1. э т н. Сәби қаз тұрған соң тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым.

Қырыққа, елуге, алпысқа келген той, келін түсірген той, қыз ұзатқан той, немеренің тұсаукесері, әліппе ашары, мектеп бітіргені... сылтау көп. Апта өтпей, ай асырмай жаңа жиын, жаңа топыр («Жұлдыз»).

2. жаңа. <лат. praesentatio> Алғаш рет таныстыру рәсімі.

Одан соң академияның профессор оқытушы құрамы алдында мемлекеттік қызметтің қазақстандық нұсқасының тұсаукесерін жасады («Егемен Қазақстан»).

Аталмыш тұсаукесерге қатысушылар ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, отандық вагон құрастырудың тұжырымдамасын жасау, жүк вагондарына тиесілі қосалқы бөлшектерді шығару және жеткізу... оны жүзеге асырудың тәртіптері мен тетіктерін пайымдады («Айқын»).

Алғашқы, тұңғыш.

Әрине, кітап шығарғанның бәрі ақын бола бермейді. Әйтсе де тұсаукесер өлеңдерімен көзге түскен Темірхан Медетбековтің, Ғұсман Жандыбаевтың, Жарылқасын Амановтың және басқа жастардың қалам тартысы тәуір екен (М.Сатыбалдиев, Мөлдір аспан).

Беу, Астана! Ардақты ақ қаласың, Жасап жатыр туған ел салт, жорасын. Тұсаукесер қуаныш кұтты болсын! Атар таңдар ақжолтай баққа орасын! (К.Салықов, Жезкиік).