Жүк

lat: Júk

зат есім. 1. Көлікке, арбаға, түйеге, мәшинеге т. б. артылған, тиелген зат. Әрқайсысы қырық-елу түйеге ж ү к артып, жүктерінің үстіне ылғи қызыл-ала текемет, кілем жапқан бай ауылдың көші екені айдан анық көрініп тұр (С.Шарипов, Шығ.). Бұл вагон 120 тонна ж ү к к е мыңқ етпейтін мықты екен (С.Сейітов, Жылдар.). Күн-түні бірдей жортып тоқтамайды, Жылқыдай жем-шөпті жеп отамайды. Болмайды ауыр, жеңіл артқан ж ү г і, Бір аймақ бір-ақ көшке көп болмайды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Алматы Алатаудан алма ақтарып, Шымкент тұр қорғасындай салмақтанып. Үзілер ж ү к тиеген ауыр состав, Арасын қос қаланың жалғап барып (Т.Айбергенов, Мен саған.). 2. этнографиялық. Жүкаяққа, сандыққа жиылған тең, көрпе-жастық. Оспан Абайдың ығына таман шалқия отырып, иығы мен басын ж ү к к е сүйеп, қалғып кетті (М.Әуезов, Абай жолы). Дәркембек төрде жинаулы тұрған көрпе-жастықтарды алып тастап, ж ү к т і ң ең астындағы кебежені ақтара бастады (С.Мыңжасарова, Қыр қыз.). Бәйбіше ауыр денесін сәкіге әрең алып шығып, төрдегі текшелеп жиған   ж ү к т і ң үстінен бізге арнап тағы көрпе жайды (Ә.Сатыбалдиев, Ақмарал). 3. Жиһаз, бұйым, жасау. Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып, Бала шықса асынан үзіп-жұлып, Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес, Үйген ж ү к т і ң күн жағын орын қылыпбай, Тол. жин.). 4. ауыспалы мағына. Қайғы-қасірет, уайым, шер. Өзіңе сенбе жас ойшыл, Тіл өнері дертпен тең. Көңілдің ж ү г і н қиял қып, Ызаға тұтқын бой меңеңбай, Тол. жин.). Жаныңның ауыр ж ү г і жеңілгендей, Көңілден кернеген кек кемігендей (Абай, Тол. жин.). Жо, Жәке, әлі жастау ғой, жеңешеме де бекер ж ү к болады (Б.Нұржекеев, Күй толғақ). Жас әйелмен бір үстелдің басында отыру Азаматқа оңай ж ү к емес, кысылып-қымтырылып, берекесіздену мұның қашанғы әдеті (Б.Майлин, Азамат.). 5. ауыспалы мағына. Талап, тілек, міндет. Төке үндеген жоқ. Тәрбие жөнінде әңгіме орынды басталды. Ауылдағы жетім-жесірдің колхоз басшысына артатын ж ү г і үлкен (М.Дүзенов, Әке.). Өмір сайыс, ж ү г і ауыр көш екен, Қадір білер бауырымды дос етем. Бала күнде әжем маған көп айтқан «Дүние кезек» дегендері осы екен (К.Салықов, Жезкиік). Бар жазығым, ханның қызы-ау! Сыбызғым ба түнде тартқан? Қанша жасап ол кесірді, Саған ауыр ж ү г і н артқан (О.Шипин, Дастан.). 6. ауыспалы мағына. Салмақ, ауыртпалық. Қапқа салып арқаласаң құм да ж ү к, Мұң да сондай, бірақ байғұс жырға азық. Көпестей боп көріндім бе көксақал, Құрбашыдай көріндім бе ұрда жық? (Ж.Жұматаев, Ләйлә). Сен тартқан салмақ көп, білсем, Ж ү к бар ма сенің ж ү г і ң д е й. Әйтеуір келіп жеттің сен Бүгінге белің бүгілмей (Т.Айбергенов, Мен саған.).