Тілек

lat: Tilek

з а т. 1. Көңілдегі көрікті ой, орындалмақ игі арман, ұлы мақсат, мүдде.

Ант етіп айырылмасқа бірігейік, Ассусыз мың бейнетпен жол шегейік. Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла, Көл қылып қан аралас жас төгейік (М.Жұмабаев, Шығ.).

Жаңа тілек, Жарық таң атты, міне, Байғазы Қада сен Мынау жас журналға (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2. Істің орындалуы жайлы, болмаса басқа да оқиға бойынша өтініш, талап.

Жатыр ем науқастанып есім жимай, Кеудеме кетті есітіп қайғым сыймай. Қарағым, тілегімді беремісің, Көзімнің қоямысың жасын тыймай (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Не жаздым құтқармастай бұл бейнеттен, Күнің жоқ тілегімді қабыл еткен. Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр, Келмейді маған Ажал, қайда кеткен? (А.Байтұрсынов, Шығ.).