Уыс

lat: Ýys

з а т. 1. Қолдың саусақтарын жымдастыра бүккенде шұңырайған алақан аясының іші, алақанның іші, шеңгел.

Қос уыс ділда берді Әзімге шал. Сенің ортақ малың, деп, мендегі мал. Шешілісіп, сырласып отыралық, Әртүрлі қымбат баға ішкілік ал (Абай, Тол. жин.).

Ақбілек уысындағы торғын орамалымен көзін сүртті. Бекболат төмен қарады. (Ж.Аймауытов, Шығ.).

2. а у ы с. Қамау, қоршау.

Тағы да күз, тағы міне сары таңды ұзақ түн, Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың, Ой-хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым (М.Мақатаев, Шығ.).

Асығыссың дей бердің, Асығыспын. Келмейді ғой дәм-тұзды жатып ішкім. Асықпасам қорқамын, Өкінем деп, Уысында меңіреу қапылыстың (К.Салықов, Жезкиік.).