БИ

lat: BI

зат.1.тар. Қазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап үкімін шығаратын сот.

Ат сұлу, айғыр мықты жалыменен,

Батыр мықты, бай күшті малыменен.

Жеті жұртты билеген би болсаң да,

Әркімді алсын құдай табыменен (Шал ақын. Өлеңд.).

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған (Абай, Тол. жин.).

Би болған бес Шектіге атаң Шонты,

Шонтыны еш адамнан демейді олқы.

Кешегі Қаратайды хан қойғанда,

Өлтіріп Жантөрені шыққан даңқы (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

2. тар. Дауды дәстүрлі (тарихат) жолмен шешетін, құқықтық істі Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолымен я болмаса, Жеті жарғы бойынша жүргізетін адам.

Қазақтың Есім ханы болған кезде,

Жау жорық жапан түзге толған кезде.

Болыпты Монтай атты бір әділ би

Руы ойбас қыпшақ Орта жүзде (И.Байзақов, Шығ.).

Би болмас білгені елге жарамаса,

Пақырды, міскінменен жараласа (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Әділдік сипаты еді бір Алланың,

Билерім, әділ болып тұра алмадың.

Он тиын жанқалтаңа пара кірсе,

Фақырға еш шафағат қыла алмадың (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Халық би і бүгін Дариядан жауап алмақшы (К.Кемеңгеров, Алтын.).

3. тар.Шешен, ділмар, батагөй.

Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры - шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған (ҚҰЭ).

Әлеуметтер, қүлақ сал,

Мына бір шолақ дүниеден - Би өлмейді дер едім (Базар жырау, Шығ.).

Кешегі аста Әлмерек бидің сөккені,

Түкенің мүдде есінен бір сәт кетпеді.

Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғүс,

Талақ етті де бүгіні менен өткенді (М.Мақатаев, Шығ.).

4. тар. Бітістіруші, дипломат, елші.

Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер ағайын араздығын басып, руаралық дау-жанжалдарды бітістірумен шектелмей, қазақ ұлысының көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, әртүрлі байланыс орнату ісінде де б и ханға көмекші әрі кеңесші қызмет атқарғаны белгілі (ҚҰЭ).

Абылай хан 1743 ж. жоңғар басқыншыларының қолына түскен кезде Қаз дауысты Қазыбек б и Ресей үкіметі жолдаған секунд-майор Миллер экспедициясының құрамында елшілікке барған (ҚҰЭ).

5. тар. Патшалық Ресейдің қазақ даласында отаршышдық пиғылмен жүргізген құқықтық-әкімшілік реформалары салдарынан билік жүйесінің өзгеруіне байланысты сайламалы жолмен тағайындалған билік иесі.

Мынау азған заманда

Сөзінің кетіп байлауы,

Келелі биде кезек жоқ,

Қоритын болыс сайлауы (Дулат Бабатайүлы, Замана.).

Күләймені әкесі малға сатқан,

Құдай деп, құда болып бата айтқан.

Әрі малды көбейту мал үстіне

Әрі би боламын деп қарғыс атқан (С.Торайғыров, Шығ.).

Ұлық келіп, ығырып, тізім алғалы жатыр. Елдің болыс, биін қариясын жиып алыпты (М.Әуезов, Қилы заман).

Былғаған би, болыстар елдің жүзін,

Басынбасын! - деді Әлімжан қадап көзін,

Жалтақтап жалынатын дәнеңе жоқ,

Сақ отыр, сайланып түр! Осы сөзім (К.Әзірбаев, Таңд.).

Алдағы сайлауда Шыңғыс Есенейді орнынан түсіріп, басқа біреуді би қоюға әзірленіп жүр (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан).

6. ауыс. Ие, қожа.

Қажыған елге би болып қалған азын-аулақ азаматтардың әспенсіп, ойына келгенін істеп баққанын несіне жасырайын, көзімізбен көрдік қой (О.Бөкей, Таңд.).

Барлығы бір «Соқырдан» он-он бес үй.

Олардың Айтқұл еді, бәріне би (И.Байзақов, Құралай.).

Бала-шаға би болған шаңыраққа,

Әке көзі жоғалмай тұрған шақта.

«Бет-бетіне түйе айдап» бәтшағарлар,

Бір-бірінің үстінен барған сотқа.

Жан безеріп, жүрегің қан жылайды,

Адам аяу дегенің қалған жоқ па?

Көз көрмеген бұл сүрең қайдан шықты

Баяғының салатын бәрін отқа? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

// Үстем, басым.

Елінің еркегінен қатыны би,

Кіргені қараңғылық кепеден үй.

Болған соң еркегінен дәрежелі,

Әйелі ізет тұрып қылмайды сый (Айтыс).