БИЛІК

lat: BILİK

зат.1. Басқарушылық, басшылық, әкімшілік.

Қазағым, бұл ғадетті тасталық та,

Халықты тура жолға басталық та.

Волост, билік, ауылнайлық, выборныйлық,

Қимайтұғын соншама падишаһлық па? (М.Дулатов, Шығ).

2. қоғ.-саяси. Үкімет, мемлекетті басқару органы.

Көшеде ереуілге шыққан зейнеткерлер мен студенттер еліміздегі алпауыттар мен олигархтарға талап қоймай, билікке, жергілікті әкімшілікке ашу-ызасын наразылығын білдіріп жатпай ма? («Егемен Қазақстан»).

Билік сайлаудың легитимді және адал өтуіне мүдделі («Айқын»).

Әкімшілік ғимаратының алдына зейнеткерлер жиналып, өз талаптарын қойса, бұған әншейін тобыр деп қарауға болмайды. Бұлар - өздерінің заңды талаптарын билікке білдіруші қала азаматтары. Олар ешқандай деструктивтік күш емес («Егемен Қазақстан»).

3. ауыс. Мансап.

Билікке қарай қол созба,

Жақсы оның бәрі деп.

Сөзіне қарай кісінің,

Деме елдің қоры деп (Қабан жырау, Алтын қазық).

Ал мансап - билік жөніне келсек, сол ажырықты дәл қазір менен ешкім алмай отыр емес пе (Қ.Жұмаділов. Тағдыр).

Дәулет айтқандай, меңдік қана емес, биліктен дәме еткен шайпау қатындардың бірі болса, Қойшыбай үлкен ерлік жасаған (С.Бақбергенов, Кентау).