БИШІ

lat: BISHİ

зат. Би өнерімен шұғылданушы, биді шебер билеуші.

Жолы бос жиһан кезсе тамашалап,

Алдында стол, биші қыз, қызыл арақ.

Портвейн, карта ойыны күн-күн сайын,

Іш пысқан соң, отыра алмай текке қарап (С.Торайғыров, Алаш ұраны).

Қайдасың, баста гармоншы,

Жігіттер, алға шығыңдар!

Барлығы биші, бәрі әнші,

Қайтеді, сірә, бұл қыздар! (Ж.Молдағалиев, Жиырма бес).

Төңірегі тегіс тыншығын Көшім әскердің бар билігін немере інісі Махметқұлаға, қалған жұрттың бар билігін құдасы Қараша бекке тапсырып, таңды таңға қосып, бар өмірік гәремде - күнін шарап ішіп ойын-сауық құрып, үнді мен ауғаннан, бұқар мен хорезмнен келген әнші, биші қыздар ортасында, түнін ыстық лепке, жас дегенге балқып, дәл сол сәтте көңілі қалған әйелдің қасында өткізуге айналды: Көшім өзінің әр ісінде аз уақыт болса да алдын көрген құдыретті пірі - Абдолла ханға тырысатын (М.Мағауин, Аласапыран).

Ойды, көбіне, бишілер пантомимикалық, мимикалық қимылдар арқылы білдіретін классикалық билерді меңгеруге жете қойған жоқ едік (Қ.Байсейітов, Құштар.).

// Жиі қозғалатын, тербелетін, майысатын.

Бипыңдап биші башпайлар,

Тигізбей жерге өкшені,

Шешіліп кетіп «шашпаулар»

Тербелді алма төстегі (Д.Әбілев, Жүрек.).

Ішінде қалың орман адаспаймыз,

Не себеп адасқанға қараспаймыз.

Саяда биші қайың білек артса,

Қалайша көңіл жығып, аластаймыз (К.Салықов, Жезкиік).

Шалғайындасың биші көктемнің,

Таңдайындасың бұлбұлдың (Т.Айберғенов, Мен саған.).