БОЙТҰМАР

lat: BOITUMAR

зат.этн. 1. Тіл-көзден сақтау үшін мойынға не киімге тағатын ерекше қасиетті саналатын бұйым немесе дұға сөз жазылған үш бұрыштап сыртын матамен қаптап тіккен қағаз.

Бұл жеңешем ырымшыл жоққа құмар,

Мойнында үш дуалық, бір бойтқмар.

Салпылдақ, сарғыш тартқан көзі сынған («Қаз. әдеб.»).

Әкесі өліп, жақын жандары азайған соң, жас келіннің ақылы ауысты, - дескен ауыл адамдары Зейнештің мойнына бойтұмар тағып, тұсына кәләм шәрифті іліп қойысқан (Ә.Көшімов, Лашын.).

Не пайдасы тиеді бойтұмардың,

Ажал жетіп, кез келсе жан аларым (Батырлар жыры).

Санын шектеуші себептер: электр сымдарында және уланған жем жеп өлгендерінен басқа, қауырсынынан ұлттық әшекейлер мен бойтұмарлар жасау үшін ұядағы балапандарын алудың да кері әсері үлкен. Сондықтан оны қорғаудың тағы бір жолы - оның қауырсынын пайдалану үшін қолдан өсіру керек (Қаз. қызыл кітабы).

2. ауыс. Ерекше қадір тұтатын қасиетті нәрсе.

Содан бері жүзім шоғырын тістеген ләйлек бейнесі қасиет тұтар бойтұмарға айналған («Қаз. әдеб.»).

Күнімен толғатып,

Көңілде ой туар.

Ойымның қымбаты

Мен үшін бойтұмар (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Енді бақсам, Камалдың осы өлеңді бойтұмар етіп айтуының ол кездерде аңғарыла қоймаған рәміздік сыры бар сияқты («Парасат»).

Байқамай қымбатымды көрдім арзан,

Сорым ба салқын тартқан сіздей жардан.

Өзіме өрескелім көрініп тұр,

Айырылып арнап жазған бойтұмардан (Ә.Найманбаев, Шығ.).