БОСАҒА

lat: BOSAǴA

зат. 1. Есіктің екі жақтауы.

Киіз есік сарт етіп босағаны соққанда, ұйтқыған түтін келіп Жұманның жүзіне соқты (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).

Есіктен шығар жерде босағаға сүйеулі тұрған темір мосыны Бөбек қолтығына қыса кетті (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер).

Тілеуді тілеу емес тілеп алып,

Күлмеске күле салып, күле қалып,

Қадірді хан көтермей, қадірлемей,

Қамшыдай босағаға іле салып... (Қабан жырау, Алтын қазық).

2. Табалдырық, есіктің төменгі жағы.

Босағаңды алтынмен жапсаң-дағы,

Перзент сүймей адамның мейірі қанбас (Шал ақын, Өлеңд.).

- О, құрып қал! Аяғым таза, - деп босағада жатқан дымқыл кенепке аяғын сүйкеп, арғы бөлмеге кірді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

3.этн. Киіз үйдің қасиетті саналатын, төрге қарама-қарсы, есікке жақын жері.

Киіз үйдің ішін екіге бөлгенде, от жағатын ошақтан жоғары бөлігі - төр, есік жақ бөлігі босаға аталады (С.Мұқанов, Қазақ қауымы).

Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).

Һәм елде бозбалалық қылмақшы болып бір қызы бар үйдің босағасында ұйықтап қалғандықтан, қыздың әкесі таңертең: «Тұр, балам, ұйқың қанған шығар», - деп үйіне жіберуші еді (М.Дулатов, Шығ.).

Өңшең жақсы киінген «төрелер» кие-жара келіп, үйді билеп кеткен соң, Бекболат қымтырылып, әрқайсының бетіне бір қарап, босаға жақта тұрды да, орындықтың шетіне таман ептеп отыра қалды (Ж.Аймауытов, Шығ.).

4. ауыс. Үй, отбасы, үйелмен.

Күйеуі ішке сақтап бұл жұмысты,

Амалсыздан шыдаған сезсе де істі:

« Босағама бір келер күнің болса, көрермін!» - деп қайраған күйеу тісті (С.Торайғыров, Таңд. шығ.).

Бесікті болсаң жорыдым,

Боларсың мүлдем тыныққан.

Бір кезде сенің орының,

Ол босаға деп кім ұққан (Т.Айбергенов, Бір той.).

5. ауыс. Тірек, орталық.

Өрнекті қала аймағым,

Алтын Мәскеу босағам,

Мен ұштым көкке сен үшін,

Бауырлас туған достарым,

Тұрыңыздар қош аман (Ақын жырлары).

Екі жиһанның қос босағасы - Орынбор мен Орал; ана кең ойпат - Азияға асатын қысқа жол (Х.Есенжанов, Ақ Жайық).