ЖАН

lat: JDİİ'

зат.1 . Адам баласына, жан- жануарларға тіршілік беретін рух, қуат.

Тіршілік пен рахат жалғыз саған ғана керек емес, тамам жан иесіне де керек (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса ( Абай, Шығ.).

Жас бала ішсем, жесем, ұйықтасам, - деп туады, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды (Абай, Шығ.).

Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі,

«Мені» мен менікінің мағынасын екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі (Абай, Тол. жин.).

Себеп қып тіршіліктің татар дәмін,

Майсыз лаулап жанған шам дегендегі.

Қан қуатпен қозғалған жалғыз жаның,

Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі (Қаз. әдеб. хрестом.).

2. Адамның ішкі сарайы, рухани әлемі.

Сол досты сая таппай іздейді жан. Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан (Абай, Тол. жин.).

Сағынған сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айрылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі әсем әнмен үйлескендері бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты (М.Әуезов, Шығ.).

Ой улады, Жаным ессіз, жаным мас.

Ой улады, Жүректе зор, көзде жас.

Ой улады, Көмір болды жүрегім, Ой улады,

Сарғаямын, сөнемін! (М.Жұмабаев, Шығ.).

Сүю үшін беріліп, Жалындаған жан керек. Тұла бойдан төгіліп, Тулап аққан қан керек (С.Мәуленов, Дала дабылы).

3. п с и х. Адамның ішкі ой-санасы, рухани, сезімдік қасиеттері.

Жан ми арқылы сыртқы дүниеде һәм өз денесінде не болып жатқанын біледі (М.Жұмабаев, Шығ.).

Оқушылардың қабілеттерінің дамуына бағыт беруге тек тәрбие өнеріне жетік, бала жанын жақсы білетін мұғалімдер ғана жақсы нәтижеге ие бола алады (К.Жарықбаев, Психология).

4.д і н и. Алланың нұрынан пайда болып оның ғана әмірімен адамның тәніне тіршілік бітіретін рух.

Діни дүниетанымда адамдарға жан беруші және оны алушы Құдай (ҚҰЭ).

Қалай болғанда да жан адамға қатысты емес, ол Алла әмірімен болатын іс (ҚҰЭ).

Жанның тәнге тұрақталған кезі «жалған» өмір болса, тәннен бөлініп «ұшып» кеткен соң ол мәңгілік (ҚҰЭ).

5. ф и л о с. Философияда тәнге қарама-қарсы қойылып, оған тіршілік бітіретін рухқа қатысты түсінік, негізгі философиялық ұғым.

Философия тарихында жан туралы көптеген ғұламалар пікір айтқан. Аристотель жан тәннің формасы деген (ҚҰЭ).

Жанның даралығы туралы Абай да айтқан, ол жан мен ақылды қосып айтады (ҚҰЭ).

Тән мен жан бір-бірінен ажырағанда тәннің сезілетін, сезетін қасиеттері жойылып, өзге күйге өтеді (ҚҰЭ).

6. э к с п р. Қадір-қасиет тұту ретінде, еркелету, жақсы көру мәнінде айтылатын сөз.

Жанбай: - Жылама, жан ана! Жау сенің көз жасыңа қарамайды. Ол тып-тыныш ел шетіне басып кіріп, туған жерімізді таптағалы жанталасады (Ш.Байбатшаев, Бел-белес.).

Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма. Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін: Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!.. (М.Жұмабаев, Шығ.).

Жан қалқам, көз қиығын қашырмашы,

Дүрсілін жүрегіңнің жасырмашы.

Даусыңмен дірілдеген шертші наз,

Көңілдің ұшсын сұлу қаршығасы (Т.Әлімқұлов, Боз жорға.).