ДҮНИЕ

lat: DÚNNE

з а т. 1. Өмір, тіршілік.

Дүние - бір ұзақ жол, Келіп-кетер талай жан. Талай тартыс сол жолда, Төгіліпті талай қан (А.Жұмағалиев, Өшп. жалын).

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шығылса да, дүниеде сірә сендей маған жар жоқ. Саған жар менен артық табылса да (Абай, Тол. жин.).

Тақсыр-ау, ол өліп, сіз келе алмайсыз;

Жарлығын бір Құдайдың біле алмайсыз.

Оған өлім тілеме, дүние тіле,

Кеткенше кедейлігің қыз алмайсыз (Айтыс).

Дүние шіркін кірерінде, Жымың қағар амандасып, дүние шіркін шығарында, Асықтырар есік ашып (А.Жұмағалиев, Өшп. жалын).

Жиған-терген мұқамал, мүлік.

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз (Абай, Тол. жин.).

Төрткөз төбет қартайды, қара кемпір де қартайды, бірақ дүние шіркін кәрі көңілді әжептеуір алдайды екен, көзіне уыс-уыс ақша көрінгелі кемпірің шұнаң қағып қутыңдап кеткенге ұқсайды (Ш.Құмарова, Қазбауыр бұлт.). Өзінің ежелгі зайыбын ұмыт қалдырғанына ұялып, ол кісі еліне оралған соң бәйбішесінің алдына мал салып, дүние бөліп, күтуші қызметші беріп жеке ауыл етіп шығарыпты (М.Әбдіхалықов, Жердің асты.).

3. Тұтыну заттары, керек-жарақ.

Кітаптармен араласып, басқа да дүниелер шығып жатыр. Резеңке қоян, қаңылтыр ысқырық, ләңгі, бірнеше асық шықты (Б.Соқпақбаев, Аяжан).

4. Жиһаз, үй мүлкі.

Бұл әйелдің өзі саудагер, қазір кем дегенде 50 мыңдай ақшасы бар, үй іші аузы- мұрнынан шыққан дүние (С.Алдамбеков, Көсе.).

5. Құнды еңбек, қымбат туынды.

Петр Феодорович Томаровский жайында бұрын да бірсыпыра дүниелер жазылған (Е.Естаев, Өмір.).

Мана Көкенов Әлшекейдің он үш күйін жазып алыпты. Солардың ішінде «Адасқан қаз», «Ақсақ тоқты», «Тоқырау», «Нар соққан», «Аққу кеткен» күйлері бөлек-бөлек дүние(Б.Әбдіразақов, Серпіліс).

Әлкей оқи жүріп, Ленинград кітапханалары мен архивтерінің көп дүниелерін қарап шықты (Ә.Жәмішев, Дала).

6. Әлем, жержүзі, жиһан.

Ғылым оқып білгенше,

Тыным, тыныштық таппаған.

Дүниені кезіп көргенше,

Рахат іздеп жатпаған (Абай, Тол. жин.).

Бұлт дегенің дүниенің қай түкпіріндегі аспаннан болса да кездеседі ғой (Ж.Жұмақанов, Қаракөз).

Қартаймайтын дүниеде,

Аспанда ай мен күн ғана,

Өлмейтұғын өмірде,

Көңілді тербер жыр ғана (М.Хакімжанова, Өткелдер).

Келіп карта алдына,

Тағы да бір түйіле,

Қарайықшы көз салып,

Не боп жатыр дүние? (Қ.Ұябаев, Өтеді жыл.).

Бүгін сол жігіттің дүниеге даңқы шығып отыр (Е.Қалиев, Рудный.).

Жады, тылсым буған меңіреу, суықтас енді ұлы құздан жер сілкінгендей күтірлеп құлап, дүниені басына көшіріп, асыр салып жатыр (М.Әуезов, Қилы заман).

7. Жер беті, реалды өмір.

Дүниедегі өткінші құбылыстардың кейі із тастап, кейі ізсіз де өтіп кетіп жатыр (Ғ.Сланов, Дөң асқан).

Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі, Саған салқын тартқандай, сен - бір кәрі. Болсам деген талапты ұмытқан соң, Құр кеудеге өмірдің несі дәрі. Ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мартәбада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін аппақпенен ләззаттанады (Абай, Тол. жин.).

8. Табиғат, жаратылыс, айнала, төңірек, қоршаған орта.

Оқушының мектепте түрлі білім салаларын ұғынуы және білімді еңбек тәжірибесімен ұштастыруы - өздерін қоршаған дүниені танып, білудің бастапқы басқышы болмақ (М.Мұқанов, Педагогика. очерк.).

Тып-тыныш маужыраған дүниеде құм жолды тіліп бара жатқан екі дөңгелектің ызыңы ғана естіледі (Ғ.Мұстафин, Шығанақ).

9. Табиғат пен қоғамда қалыптасатын белгілі бір орта.

Ғалым Левенчуктың ғылымға енгізген бүл жаңалықтары ғылым дүниесінде үлкен табыс болды (Е.Оразақов, Дәрігерлік.).

Теңіз бен мұхиттың тіршілік дүниесі өте бай (С.Орынбаева, Геогр. ғажайып.).

10. Әлем.

Иса табиғатты адамның ой-сезімі дүниесіне бағындырып, жанды бейнеде жырлайды (Е.Ысмайылов, Ақындар).

Тіпті сол адамның еркіндік дүниесіне шығып кетуіне өмірдің өзі қарсы сияқты (Қ.Исабаев, Ажал құрсауы.).

11. Қазына, қамба, көмбе.

Оны көмулі жатқан, жасырын дүниені тауып, байып, ауқаттанып алды деп жүр ғой былайғы жұрт («Әдеб. және искусство»).

12. а у ы с. Белгілі бір мән-мағынаға қатысты іс-әрекет.

Көбі-ақ мұғалімдердің сабағына қатысу арқылы іске асырылатын дүние (Қ.Шыңғысов, Бетпе-бет).

Мынау өмірдегі мән-мағына, қасиет, әділет деп жүргендеріміздің бәрі адамдардың өздері ойлап тауып жүрген дүниелері(Т.Әбдіков, Ақиқат).

13. а у ы с. Белгілі бір сөздермен қосылып, мол, көп деген ұғымды білдіреді.

Нағашы-ау, деймін мен таңданған дауыспен — бірнеше баспа табағы бар кітап дүниенің ақшасы боп кетеді ғой онда! (С.Мұқанов, Мөлдір махабб.).

// Жаратқан ие, Алла тағала, жер-ана деген мағынада айтылатын қаратпа қызметінде қолданылады.

О, дүние, күнәкар етер осындай сұлуларды несіне ғана жараттың (С.Алдабергенов, Алға).