ДІЛМАРЛЫҚ

lat: DİLMARLYQ

з а т. 1. ж а ғ ы м д ы. Ділмар болушылық, сөзге жүйріктік, шешендік, тілмарлық.

Сылдырыңнан ділмарлық сезінемін,

Сезіміне сан түрлі сыр ұқтырған.

Туған жердің сен титтей көзі ме едің,

Шараңа барлық әлем тұнып тұрған (Қ.Бұғыбаева, Жыр мен жүрек).

2. а у ы с. ж а ғ ы м с ы з. Сөзуарлық, керауыздық, мәнсіз сөз қуушылық.

Біреуді-біреу тоспай сөйлейтін ділмарлық енді басталды. Білгірліктің тиегі ағытыла жөнелді (С.Талжанов, Адам тур.).

Жөнсіз ділмарлық адам мінезіндегі ұнамсыз сипат («Қазақст. әйелдері»).

Әйтсе де, ділмар адамның әу бастан сөзге ебі бар болғандықтан, өзінің бұл қабілетін дұрыс бағытта дамытып, сөздің дәмін ойдың дәнімен толықтыруды үйренсе, ділмарлық шешендік қасиетке ұласуы да ғажап емес (ҚҰЭ).