ЕЗ

lat: EZ

с ы н. 1. Ынжық, жасық, шірік, бос.

Адамның қорлауына адамның езі, ынжығы ғана көнеді (Ғ.Мұстафин, Көз көрген.).

Әділет басқан есерме

Сөзге жуық келер ме?

Түзу сөзге сенер ме,

Түзелмесін білген ез

Ер артық сұраса да, азға разы болады.

Ез аз сұрар артылтып берсең де разы болмас (Абай, Тол. жин.).

Иә, бұл кезең ер мен ездің, жасық пен құрыштың не екенін ажырататын шақ қой (Ә.Әлішев, Батыр.).

Өңшең ез! Сендер жау түсірмек түгіл, өздерің олжаға кетерсіңдер (І.Есенберлин, Алмас.).

2. а у ы с. Бейшара, мүсәпір, қор.

- Жә, жә, - деді өзін-өзі тежеп. - Бықсық ой, ез өмір аулақ, менен! (М.Иманжанов, Адам.).

Асаған ұрттағанға ез жұбанар,

сенімді дәулет емес сен қуанар

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар (Абай, Тол. жин.).

Ез өмірден ер өлім артық, ер өлім! Жер таяна көтерілген Мұса, түлкі ішігін сүйрете шығып бара жатқан Ыбырайымның сыртынан қаһарлы суық жанарын тайдырмаған күйі ата қарап қала берді (Ж.Түменбаев, Қардағы із.).

Ертелі-кеш ерінбей,

Ез тірлікке берілмей

Асыл жинап өтуді,

Адал еңбек етуді,

Үлгі етіп бар адам,

Үйренсе осы арадан (Т.Шопашев, Бәйтерек).

3. а у ы с. Ығыр қылған, мезі еткен, жалықтырған.

Мың рет қайталанған, тағы да сол ез сұрақ. Жыным ұстап, теріс айналамын (Ә.Сәрсенбаев, Теңіз.).

Осының бәрін көзі көріп, құлағы естіген Арыстан, бұл өңірдегі жарлы мен жалшының, мұңды қыз бен тоқалдың ежелгі ез ұйқыдан ояна бастағанын байқады (Ж.Тілеков, Жоңғар.).

Дыбыстың бұрылысын, бұлтақтарын

Уыстап шеңгелінен бұлтартпадым.

Еңіреттім ез өмірдің қайғы-мұңын,

Ешқашан қуанышты күй тартпадым (Т.Есімжанов, Ілияс.).