ЕКІ

lat: EKİ

с а н. 1. Бір мен үштік арасындағы есептік сан; бір мен бірдің қосындысы.

Өзінің «Негіздер» кітабын кемелдендіру» аты еңбегінде ол бесінші постулатты дәлелдеу үшін жабық түрде мынадай ұйғарымға сүйенеді: егер екі түзу үшінші бір түзумен қиылысқанда осы түзулер арасындағы айқыш бұрыштар тең болса, ол екі түзуді басқа бір түзу қиғанда да жағдай осылай болады (А.Көбесов, Математика).

Бұрыштағы кәрнезді нар пештің қуысында қаз мойын жез шәугім; пештің алдында үлкен жез шылапшын. Төрдегі көлденең сырықта қызылала тек жайнамаз, екі сүлгі (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Осы екі әскердегі патша өкіметінің жұмысы қазақты әбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Қазақтың амалы таптайын деп түрған патша өкіметінен құтылу болды (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).

2. Белгілі бір сөздермен тіркесіп келіп мөлшер, өлшем, шама мәнін береді.

Семіз екен. Ұлпа қазысы екі елі! - десті әркімдер (С.Мұқанов, Шығ.).

- Жазасы - екі ауыз ән, ендеше! - деді Күлияағын пьеса).

Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).

3. Жұп, қос; пар.

Қазақтікінен латын әрпінің артықшылығын көрсету үшін латыншылдар қит етсе айырпылан, аптамабел мен қазақтың екі аяқты арбасын салыстырады (М.Дулатов, Шығ.). Бұрқандансаң мүз жаудыр,

Мұздай темір құрсандыр.

Кел, кел, бұлт, кел бұлт!

Екі енеге тел бұлт! (С.Сейфуллин, Шығ.).

Қиықтанып ай туды,

Тәтті сырлар айтылды.

Екі ғашық елтіді -

Ұмытты үйге қайтуды (М.Әлімбаев, Шығ.).

Аталатын Қыземшек,

Екі шоқы қаз-қатар.

Алабыннан гүл терсек,

Адыры сыр тыңдатар (Н.Көбенов, Дала).

4. п е д. Оқушылардыц біліміне қойылатын ең төменгі баға, балл.

Сондай-ақ кафедра жетекшісі бізден тыңдаушыларға «екі » деген баға қоймауға талап етті. Яғни екі қоюға болмайтын тыңдаушыларға жататындар - жоғары лауазымдылардың балалары, інілері, тағы басқалар («Жас Алаш»).

Оқудан да «екі» екен,

Есептен де «екі» екен.

Суреттен «бір» алыпты,

Бағаға әбден жарыпты (С.Сейітов, Таңд.).

Бітті айғай, бітті ұрыс,

Қылам енді нені дау?

Отырғанда тьш-тыныш,

Екі алатын едім-ау! (Ж.Әбдірашев, Таңд.).

Жас қанатың қатаяр да бекінер,

Өзің болып батыл қара бетіне ел,

Еңбекшіл бол, еріншектік жараспас,

Дәптеріңе жоламасын екілер (С.Сматаев, Алау).