ЖАҒЫМДЫ

lat: JAǴYMDY

с ы н. 1. Көңілден шығатын ұнамды, сүйкімді. Әрине, Орақ бастығына ж а ғ ы м д ы, өйткені бастығы оған артық сөз сөйлемейді (Б.Қыдырбекқұлы, Шайтан.). Өз мінезің қырмызы, Ел-жұртыңа ж а ғ ы м д ы, Шынжыр балақ, шұбар төс, Ата тегің мәлімді (Жамбыл, Шығ.). Ол жалаң аяқ, жалаң бас дала кезіп, көбелек қуып гүл терген балалық шақтарын, Оспанның сондағы не түрлі ж а ғ ы м д ы қылықтарын бір ауық еске түсірді (С.Омаров, Дала қызы). 2. Аңқыған, жұпар (иіс). Тау жақтан соққан майда самал танауға бір ж а ғ ы м д ы иіс әкеледі (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті). 3. Пайдалы, сіңімді. Жаңа туған сәбиге ең ж а ғ ы м д ы тағам ана сүті (Е.Оразақов, Дәрігерлік.).