ЖАҚСЫ

lat: JAQSY

с ы н. 1. Көңілге ұнайтын оңды, тәуір.

Жұрт жинап жақсы кеңес құрған

Түлкі, Зарланып жетімді аяп тұрған

Түлкі. Аузына үшеуін де қағып салды

- Өзі екен нағыз құдай ұрған Түлкі (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Жасаған- ай, жақсы хабар әкеле жатқан біреу болғай- ақты (Ж.Аймауытов Шығ.).

Жақсы иттің белгісі

Жұлмақ түгіл жаламас;

Азған елдің бектері

Қан шықса елін жұлмалар

Қасқырменен аралас (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Жақсы менен жаманды Айырған әуел Аллаңыз (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Бастай бер жақсы күнге өмір-арман,

Көргенім көз бояғыш, көбі жалған.

Молайсын ортайғанын деп тілеймін,

Күндерде қолда барды төгіп алған (К.Салықов, Жезкиік).

2. Адамгерлік қасиеті мол, тәрбиелі, игі, ізгі (адам).

Жақсының сөзі жылдайды,

Тілі тәтті бал судан,

Жаманның сөзі ащы-дүр,

Адам ішпес зәр удан (Базар жырау, Шығ.).

Ақынның елі сондай деп,

Үлгісі жақсы қандай деп,

Болыңдар елге өнеге.

Елі-жұртым сізге айтам,

Бірлікті бол, шырақтар (Қабан жырау, Алтын қазық).

Жақсыға сырым жасырман,

Жаманға, сірә, бас үрман.

Мен бір шапқан жүйрік ат,

Бір желіксем басылман (Шал ақын, Өлеңд.).

// Ауылдың, елдің белді, беделді адамы.

Елдің жақсылары тегіс жиылды, бітімге билер кірісті, қажылар бас қосты (Х.Есенжанов, Ақ Жайық).

// Иә, қош, мақұл, дұрыс.

Жақсы, мен бүгін сендерге жаңа сабақ бастамай-ақ қояйын (С.Еркебаев, Алғашқы.).