Жаман

lat: JAMAN

с ы н. 1. Ескі, тозығы жеткен.

Мүбәрак үйіндегілер – той-думанға жиналған ауылдың бос белбеу, кең балақ еріккендері емес, жаман шапан, жыртық етік кедейлер (І.Есенберлин, Қатерлі.).

Жаман үйде жалғыз шал, өзі кедей күңіренді (Абай, Тол. жин.).

Кей жерде ескі кебеже, ағаш мосы, ыңыршақ, ашамайлар, жаман сынық ағаш төсектер бар (М.Әуезов, Абай жолы).

Қарбаңдап әлгі жерде тұра келдім.

Жадағай жаман шекпен бойыма ілдім (Батырлар жыры).

2. а у ы с. Ақымақ, ессіз.

Әрбір жаман кісінің жаман қылығына күлсең, оған рақаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл (Абай, Тол. жин.)

Шығармын тірі болсам адам болып,

Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе?

Жүргенше өмір сүріп надан болып (С.Торайғыров, Шығ.).

// Адамшылығы жоқ, жаман адам.

Жаманмен жолдас болсаңыз,

Көрінгенге күлкі етер.

Жақсымен жолдас болсаңыз

Айырылмасқа серт етер (ХҮІІІ-ХІХ ғғ. қаз. ақын.).

Қарғадан қарға туар қаңқылдаған,

Жаманнан жақсы туар жарқылдаған,

Дегендер мен жақсымын толып жатыр,

Пайдасы өз басынан артылмаған (Бес ғасыр.).

3. Жағымсыз, ұнамсыз.

Ербол аға, мыналардың орынсыз күлкі, жаман сықағын тыйыңызшы (М.Әуезов, Абай жолы.).

Тфу, ит! Қалай жаман ән салады,

Ән емес, осы екен ғой аңсағаны.

Мына бір бояуы жоқ бозбала тау,

Өзіне сұлумын деп тамсанады (М.Мақатаев, Шығ.).

Тәжірибе жаман әдетке үйретеді,

Жаман әдет мінезді күйретеді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Алыпсың жаман әдет қарсыласып,

Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып.

Айтайын білгің келсе,

Қозым, саған, Кінәң сол - жегім кеп тұр қарным ашып (А.Байтұрсынов, Шығ.).

4. Жайсыз, колайсыз.

Ойлы-қырлы жаман жолмен машина бірде оңға, бірде солға аударыла төңкеріліп келе жатты (Е.Оразақов, Дәрігер.).

- Ой, балам-ау, мына жер – жау жатағы. Бұл ұрының ойна- ғына кеп алып, жаман ырым бастағаның не қылғаның? - деді Жұмабай (М.Әуезов, Шығ.).

Қару орнына қатын сыйлағаны жаман ырым екен, - деп қабақ түйді түрікпен жігіті (Ә.Әлімжанов, Махамбет.).

Мамыр-ау, айтып тұрсың әлденені,

Шариғат қосады екен неме-рені.

Қайғы ойлап жаман ырым айта берме,

Алаңсыз сүйген болсаң анық мені (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

// Өте, қатты.

Абай өз үйінде өз анасы Айғыздан көрген әділетсіз зорлыққа жаман күйді (М.Әуезов, Шығ.).

Алда жайбарақат келе жатқан қалың қолдан күтпеген жылдамдыққа Қарашың баһадүр кенет туған хауіпті көріп жаман састы (І.Есенберлин, Алмас.).

5. Сорлы, байғұс.

- Семья азабымен жүргенімде келіп, жаман ағаң істі болды, - дейді Бектастың анасы (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).

Шекер Ордабайдікіне қымызға барғанда, ана жақта, жүректің бұрышында... құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды , көруші еді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Ал, енді үй болған соң,

Ертеңіңді ойлар жөнің бар.

Барыңды шашып-төкпе

Жағдай осы болды, Жаман шалыңды сөкпе (О.Әубәкіров, Көк тайғақ).

6. Дөрекі, былапыт.

Қазір мен үшін құрылысшы атына айтылған жаман сөз атқан оқпен бірдей (А.Мекебаев, Аңызақ).

- Апай, мынау маған жаман сөз айтты! - деп ол көзі ежірейіп, Әліпті көрсетті (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).

Асылды сөккенменен аты кетпес, Көңілден жаман сөздің таты кетпес (Ақмолла ақын, Күндер.).

7. Теріс, пасық. 

Қайдағы жаман ой қайдан ғана аузына түсті байғұс баланың, - деді ол (М.Дүйсенов, Меймандар).

- Асайын Мадиярға өшігіп, арандатқалы айтып тұрған болар. Кім біледі, шамасы келсе бізді айырып жіберейін деген жаман ойы да бар шығар, - деді ол (С.Омаров, Өмір.).

8. Жасық, әлсіз.

Тасып барып өздеріңе, тасып қайтам туғандар. Жасып қалсам жамансың деп, босағадан қумаңдар! (Т.Молдағалиев, Шығ.).

Соңғы кезде болған ұрыстарда Жарқын жаман қимыл көрсеткен жоқ (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.).