Жаманат

lat: JAMANAT

з а т. 1. Өлім-жітім болғанда, кенеттен жау тигенде немесе кездейсоқ жағдайға ұшырағанда айтылатын суық хабар.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ел тыныштығын ойлаушы әрбір адам: «Құдайым жаманатынан сақтасын!» деп тілеп, ауылға, үйге қарай дүсірлете шауып келген адамға: «Жаманат хабар жоқ па?!» деп шошына қарайтын болған (ҚҰЭ).

Жаманатты естірте келгендер далаға кештетіп шықты. Құлазыған қараңғы түн, жел әлі ұлып тұр («Қаз. әдеб.»).

Жолдан келген аталы-балалы екеуі Жаңыл тіл қатса, жаманат хабар еститіндей түршігіп ішке кіріп кетті (Т.Ахтанов, Дала сыры).

Ол қалған ғұмырына жетерлік қуаныш-кейістікті, енді, жалғыз баладан тартпақ, тек соның жаманатын естіртпе деген тілеумен түн ұйқысы бөлініп жүдейтінін айтты (А.Жақсыбаев, Қайырлы таң).

2. Өсек-аяң, өтірік, жалған сөз.

Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,

Жаманаттан боласыз сіз-дағы аулақ (Абай, Тол. жин.).

Ау, жаным, менің өзім қасқыр едім,

Орманда неше күндей аш жүр едім.

Сол жақтан жедім баспақ ебін тауып,

Қашаннан жаманатқа мәшһүр едім.

Етпесең етегіңді маған жабу,

Келатқан мүсәпір боп қашқын едім (О.Шораяқов, Шайыр).

Батима Сарбалаға: - Есіңде болсын, шырағым, - деді, менің көзім тіріде бұл шаңыраққа ұры-қары ұя сала алмайды, тек жұрт айтқан жаманаты батып тұр (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

Фазыл мұғалімінің «бірсыпыра жаманатының сыртқа жайылуына хазірет те себепкер болған тәрізді (І.Жансүгіров, Шығ.).