ҚАРЫНДАС

lat: QARYNDAS

з а т. 1. Бірге туған жасы кіші қыздың ағасына туыстық қатынасы жағынан аталуы. Көңілің бір құласа, Бәрін өзің жөндейсің. Қ а р ы н д а с ы м ұнаса, Тілін тап та, ал” дейсің (Т.Молдағалиев, Шақырады.). Адал досың жолда қамал, қорғаның, Асыл інің күнде кажет қолдағың. Қ а р ы н д а с ы ң жанашырың жалғанда, Ағайының саясы құт орманың (К.Салықов, Жезкиік). Қайғымен жас жасамас қалған жасың, Суреттің сізге айтайын уақиғасын. Туысқан ата-анасы бөлегі жоқ, Емшектес бірге туған қ а р ы н д а с ы м (Ә.Найманбаев, Шығ.). 2. Жасы үлкен ер адамның әйел балаға айтатын қаратпа сөзі. Қ а р ы н д а с, мен бұл күнде жалғыз баспын, Жалғыз да болсам жауға алғызбаспын. Сапардан келгенімше жолымды күт, Өлгенше көңіліңді қалғызбаспын (Н.Ахметбеков, Жасауыл.). Бейтаныс қ а р ы н д а с ы м, Бауырларым, Гүлгүлім!.. Гүлгүлімді қабылдағын! Ей, менің дауылдарым, жалындарым, Өртеп кет жамандықты, жалынбағын! Түсінем, Отан деген бір жүректе Білемін барлығыңның қаның барын (М.Мақатаев, Шығ.).