ҚАТЫГЕЗ

lat: QATYGEZ

с ы н. 1. Қатыбас, қатал, тасжүрек. Атым өзге, Затым өзге. Қарсы қойма Қ а т ы г е з г е ! Біз күйрек пе? Қыз күйрек пе? Жолықтырма Безбүйрекке! Мазақтар ма? Азаптар ма?! Кезіктірме Кәззаптарға! (Қырзалиев, Мәңгі майдан). Қолымда жіпке тізген кірәнжілік, Беруге жүгіріп ем соны ұмтылып, Қ а т ы г е з милиционер қолым қақты, Сөйткенше кете барды вагон жылжып (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Екеуін еркіменен қоспайтұғын, Қ а т ы г е з хан қаһары өзіне аян. Шарасын қалай етсек табамыз деп, Ойласты Салиха мен батыр Сәмен (Ә.Найманбаев, Шығ.). 2. Аяусыз, ауыр, қиындыққа толы (өмір, тағдыр). Қ а т ы г е з зілдей тағдыр қара тастан, Алдында жерге құлап барады аспан. Төменде сылқ-сылқ күліп дария жатыр Жап-жаңа қыз бақытын ала қашқан (Ғ.Қайырбеков, Құрдас). Тағдырыңды қ а т ы г е з де, сараң де Сен сүйгенмен ол сүймесе шараң не? Махаббат ол қос жүректің әні ғой Өзіне сай дауыс керек әр әнге (М.Шаханов, Ғасырлар.). Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып, Қ а т ы г е з қимастықты қыз аты қып. Сан түндер сағынышым көз ілдірмей, Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып (Т.Айбергенов, Мен саған.). 3. Безбүйрек, жаны ашымайтын. Біз болсақ, баланы балабақшалар, мектептер тәрбиелейді деген ұғым қалыптастырдық. Анасының мейірімімен өспеген бала қ а т ы г е з болады (“Айқын”).