ҚОҚЫС

lat: QOQYS

з а т. 1. Қоқып жатқан, ретсіз шашылған заттар. Үйдің ішінде жан жоқ, бірақ ыбырсып жатқан қ о қ ы с т а р, айналасы қазылған ор, отындық ағаштар (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.). 2. Қора, ауладан шыққан қыс бойы жиналған малдың көң, қи, т.с.с. Ертеден қара кешке шейін сүйменмен, темір күрекпен мал қораның тоңын ойды, қ о қ ы с ы н тазалады, екі өгіз жеккен қорапты жалпақ шанамен селоның сыртындағы сайға тасып апарып тастады (С.Омаров, Қасиетті.). 3. Тұрмыстық қалдық, тамақ, зат т.б. қалдығы. Жаңағылардың кейбірі сол биікке шығып, былғақтап қайтса, біразы одан әрі асып түсіп, қ о қ ы с төгілген шұқанаққа құлайды (Ж.Молдағалиев, Айналайын.). Бұл күндері Сұлтан аға қ о қ ы с төгушінің міндетін жеке өзі атқарып жүр (Т.Жанұзақов, Азаматтар). Статистикалық мәліметтер, адамдардың дүниежүзі бойынша ұялы телефонды орта есеппен 18 айда бір алмастырып тұратынын айғақтайды. Тек Америка Құрама Штаттарының өзінде жылына 130 миллион телефонға дейін қ о қ ы с қ а жиналады екен (“Зерде”). Ал бұдан өзге 2002 жылы еліміз бойынша тастанды 154 нәрестенің мәйітіне сот-медициналық сараптама жүргізілген, мұның ішінде ірі туып та, өлі туып та және шала туып та тастағандары бар. Мысалы, 2001 жылы наурыз айының 25 күні Жамбыл облысы Қаратау қаласының қ о қ ы с салынған жәшігінен ер жынысындағы нәрестенің мәйіті табылды (“Түркістан”). 4. Ұзақ уақыт бығып жатқан, тазалауды қажет ететін жер. Шөп-шалам қос сөзінің екінші сыңары. Тысқары ормандардың қ о қ ы с ы н шөп-шаламнан тазалау керек (Ө.Орынбаев, Қазақст. орман.). 5. Кенді қорытқаннан я көмірді жаққаннан кейінгі қалған қалдық. Ол екі таудың заводтан шыққан қ о қ ы с екенін өзім де жобалап келе жатқанмын (Ә.Нұршайықов, Алтын.). Қорытудан шыққан қ о қ ы с т ы ң ішінде біраз мөлшерде қорғасын, мырыш, басқа да бағалы өнімдер кетіп жүргені белгілі (Ә.Жәмішев, Армысың.). 6. а у ы с. Былық, бәлекет. Не керек, талай қ о қ ы с шықты сыртқа, Кездесті қу мүйіздер қу тұмсыққа, Қашанда қанағаттан айырылса адам, Белгілі жолығары бір қырсыққа (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Әуезовтің шәкіртімін қайда барам, не табам, Маған егер келем десең өтіріктерден өт аман. Маған егер келем десең жүрегіңді тазартқын, Қ о қ ы с, соқыс пәлелерден, суықтардан қақаған (Т.Молдағалиев, Шақырады.).