ПІС

lat: PİS

ет. 1. Шикі тамақтың қайнау, отқа қақталу, буға қойылу арқылы жейтін, ішетін қалыпқа келуі.

Е, бәсе, сонау етің піскенше сарғайтпай былай еткенің ақыл болды ғой, Қысатай! дегенде біраз жұрт қошеметтеп күлді (М.Әуезов, Шығ.).

Қара қазанға түсіп, пісіп жатқан менің қара қозым болмаса игі еді (Р.Аманкелдиев, Батыр.).

2. Қымызға айналу, дайын болу. Сырты кедір-бұдырлау сабаның ішінде саумал пісіп, қымызға айналып, бабына келе жатыр (Қазақтар хақында).

3. Егіннің, жемістің, бауақша өсімдіктерінің дәні толып, жеуге жарауы. Қайта бейнет, еңбек елінің дәл осы күндер қабағы ашық, аз күнде күткен өзгеше жұбанышы бардай. Онысы пісіп толыққан егіні (М.Әуезов, Шығ.).

Әсіресе, ол аққайыңдар ала жағалданған, акациялар ақырын сарғайған, піскен алма мен сабағынан үзілген алғашқы жапырақтар иісін аңқыта таратқан күздің адам аяғы саябыр ертеңгі мезгілінде айрықша әсем (Біздің Мұхтар).

Күріш піскеннен кейін төгіліп түсе бастайды (Ы.Жақаев, Менің бақытым).

Екіншісінің шырын еріні гүл күлтесіндей үлбіресе, үшіншісінің жүзі піскен алмадай албырайды (Қазақтар хақында).

4. а у ы с. Малдың семіріп ет алуы, майлануы. Сұлыға піскен жарау күрең төбелмен көсілтіп барады (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Қазір қозы піскен, жүрген шығар бір ауылға қонып, бір ауылға түстеніп ( Ы.Жақаев, Менің бақытым).

5. а у ы с. Кемеліне келіп, әбден иі қану, шегіне жету. Көкірегінде қордаланған ойды әбден пісіп жетілгенде ғана қағаз бетіне түсіретіні байқалады (Ж.Әбдірашев, Парасат.).

Сөздерің пісті ме өзі? Құттықтаймын, құттықтаймын, бауырым, деді Қали (М.Дүйсенов, Қалыңдық).

6. а у ы с. Көнбіс болып қату, шынығу, ширау; пысу. Он бес жасынан жол жұмысында шыныққан. Еңбек қазанында қайнаған, піскен (І.Жансүгіров, Әңгім.).

Еңбекке піскен шаруақор сиқы бар (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

Әскери тәртіпке пісіп алған Мұқаметқали жай қызмет үстінде де сол жүріс-тұрысын бұлжытпайтын (С.Бегалин, Замана.).

7. а у ы с. Жағдайдың, мәселенің көтерілетін, шешілетін уақытының жетуі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі және сол әр ғылымның саласындағы әрбір кезеңде пісіп келген нақтылы, жауапты мәселелеріне қажет болған мәслихатын айтып, мықты басшылық ете білді (Қаныш аға).

8. а у ы с. Жаңа қалыптаса бастаған жас адамның күй-қалпы, кемеліне келе бастауы. Бәрің де тістің суындай, көздің қарашығындай, жаңа пісіп келе жатқан көк өрім азаматсыңдар, баламызсыңдар, інімізсіңдер (Ж.Аймауытов, Шығ.). Япырмай, мынау өзі ержетіп,пісіп қапты-ау! Тек айтқаны қолынан келсін,- деді (М.Әуезов, Шығ.).