САЛТ

lat: SALT

зат. 1. Халықтың кәсіп, сенім, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отыратын дәстүр түрі.

Салт өз уақытына орай жаңарып, қоғамдық болмыс ұстанымдарына бейімделіп отырады (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

Салт тұрақтылық қасиетіне ие болған мәдени іс-әрекеттер жинағы. Олар адамдардың іс-әрекет стереотиптеріне айналады, жалпылық қасиетке ие болады (Мәдени-филос. энцикл. сөздік).

Бұрынғы өткен халықтармен, олардың мәдениетімен, салтымен таныстыру, бұрынғыдан қалған тамтықтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.).

2. Өмірде тұрақтанып қалыптасқан, жалпыға бірдей үйреншікті қылық, ырым, кәде.

Сонда саған құмар болып ол тұрар,

Көкірегін өкінішке толтырар.

Біле білсең жазалаудың осылай

Бабалардан келе жатқан салты бар (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Қапыда бір күн қайғыра қалсаң, ардағым,

Қапаста мен де қара түнекте қалғаным.

Үмітім менің, мұратым менің, арманым,

Осы қалпыңнан, жарқын салтыңнан танбағын (М.Мақатаев, Шығ.).

3. Ырым. Ал, азамат, жаңа ұрпақ,

Барыңды қолдан шығарма,

Жақсылықпен жарылқап,

Жақсы салтпен тұр алда! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

4. Қалыпты жағдай, тәртіп, ұстаным.

Бөтен ойдың иісі деп қалдыңыз ба,

Бір әуреге қойдыңыз салдыңыз да.

Жақсы көру салт екен

Сіз үшін бір

Жорғалаған адамды алдыңызда (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

5. ауыс. Жаман әдет, теріс қылық, келеңсіз мінез.

Бұл елдің күн көргені өтірік ант,

Қазаққа алдау деген болды ғой салт

Не түзеліп, не бұзыл, ылажым жоқ,

Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Азуды қайрап, бармақты шайнап өтті күн,

Ғылымды іздер, алысты көздер жетті күн.

Ақсақал артқа, жастар тартса салтқа,

Әперер жұртқа кекті кім? (М.Дулатов, Шығ.).

6. Діни наным-сенім.

Отқа табыну салты ертедегі халықтардың бәрінде де болған (М.Исқақов, Соқыр сенім.).