САРТ

lat: SART

зат. 1. көне. Ерте кезде өзбектер мен тәжіктер сияқты сауда-саттықпен айналысқан түркітілдес халықтарға телініп келген ат.

Бағана бәйбішесі Күлғаныс Әулиеатадағы Зүннүн сарт келіпті дегенді естіп, «саудагерде не болмаушы еді, шипалы бірдемесі бар шығар», деп, бір белдің астындағы Түсіпбектің үйіне кеткен-ді (І.Жақанов, Екі жирен).

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар,

Сарт, ноғай жан сақтайды саудасы бар.

Кезқұйрық жапалақпен жемтіктес боп,

Сұрайтын бір-бірінен саудасы бар (М.Ж.Көпеев, Тірлікте.).

Төре баласымын деуге арланып, затым сарт, атым “Сабалақ” дейді екен (М.Дулатов, Шығ.).

Баян көріп керуенді шат болады,

Жақсыға арзан, жаманға жат болады.

О шеті мен дүниенің бұ шетіне,

Көбінесе жүретұғын сарт болады (Қозы Көрпеш.).

Ассалаумағалайкүм, Төлек байым,

Мойны озған сиыршыдан бөлек байым

Көктемде жабағысын сататұғын,

Сарт, ноғай, саудагерге керек байым (Бақтыбай ақын, Жел қобыз).

2. тар. Ерте кездегі Орта Азия қалаларының егіншілікті, сауданы, қолөнерді кәсіп еткен отырықшы тұрғындары.

ХVІ ғасырдан бұрын да Орта Азия қалаларының тұрғындары сарт аталған. Моңғол аңызында Сартақай батыр бөген жасатып, тоған қазып, су шығарады. Бұл да сарттың отырықшы жұртқа берілген атауы екенін аңғартады (ҚҰЭ). Шымкент әуелде сарттар салдырған қала болғандықтан, халқының көбі сарт. Бұл сарттардың ашық пікірлі, заманадан хабардар бір-екі байлары салдырған бір мектебі бар (“Қазақ”).

«Түмен, өзбек түбі бір Түп атасы Майқы би»

Деген мақал сол екен.

Майқының ұлын сұрасаң,

Сыбан менен Өзбек-ті,

Білгенге біраз сөз кетті.

Өзбек  сарттан қыз алып Шәһарлы жерді көздепті (Кердері Әбубәкір, Қазағым).