АҚЫЛ

lat: AQYL

адамның ойлау қабілеті, сана-сезімі, ой-өрісі. Қазақтың шешендік сөз үлгілерінде ақыл интеллектуалдық байлық ретінде бағаланып, ой, мінез, сабыр, білім т.б. тәрізді ұғымдармен байланыстырылады. Осылардың ішінде ақылға білімді жақын қояды. Өмірден көргені мен түйгені көп білімді адамды ақылдылар санатына жатқызып санасы жоғары деп аталады. Адам биік болса, жасар, аласа болса, құрт құмырсқа басар, орта құба төбел болса, ұзақ жасар. Адамға ақыл аздырмайтын тон, білім таусылмайтын кен. Адамның басшысы ақыл, болжамшысы ой, жетекшісі талап, жолдасы кәсіп, қорғаны сабыр, қорғаушысы мінез болса, адам өзін дұрыс ұстай алмақ, деген қазақтың шешендік сөз үлгілері ақылды көбіне білім, талап, кәсіп, сабыр, мінез тәрізді іргелі ұғымдармен ұштастыра сипаттайды да, осындай қасиеттерге ие тұлғаны ақылды деп үлгі тұтып, материалдық байланыстан гөрі ақыл-ой мәдениетін жоғары қояды.