АПТА

lat: APTA

уақыт өлшемдерінің бірі. Қазақы ортада осы Еуропалық уақыт бірлігінің қолданысқа енуі дәстүрлі ай календарын пайдалануға кедергі болған жоқ. Күн, Ай, Шолпан, Марс, Меркурий, Сатурн, Юпитер сынды ежелден белгілі аспан денелерінің жеті санына байланысты аталған жеті тәуліктен тұратын уақыт бірлігі. Қазақша апта күндері дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі деп бөлінеді. Аталмыш атаулар парсы тіліндегі тиісті баламалар негізінде қалыптасты. Аптаның қазақы баламасы азат күн, сәтті күн, арғы күн, ауыр күн деген толық емес құрамдағы дәстүрлі атауы бар. Қазақы дүниетанымға сәйкес, аптаның әр күнінің өзіндік қасиеті бар. Мысалы, сейсенбі күнді қазақтар ауыр санап, алыс жолға шықпаған, көшке жиналмаған, жаңа іс бастамаған. Сәрсенбіні сәтті күн санап, оңтайлы іс бастауға бел буған. Қазақ жерінің оңтүстік пен батыс өңірлерінде бейсенбі, жұма, шығыс өңірінде жұма күндерін қасиетті санайды. Қазақта апта орнына жұма немесе жеті атаулары да қолданыла береді. Бұл жұма мен жеті ұғымдарының қасиетті саналуына байланысты болды. Жаңа туған ай орағы ұлғая келе жеті күнде жарты айға, келесі жеті күнде толған айға айналады. Үшінші аптада айдың беті оң жақ шетінен азайып, «мүжіле» келе, оның сол жақ жартысы қалады, ақыры төртінші аптада өліараға ескі ай мен туар айдың шекарасына жетеді. Айда болып тұратын мұндай апталық өзгерістерге халықтық астрономия мен метерология айырықша мән берді. Себебі, осы өзгерістердің негізінде ауа райын болжаудың сан ғасырлық тәжірибесі қалыптасты.