АДАҚ АРБА

lat: ADAQ ARBA

аяғын жаңа басқан сәби пайдаланатын ағаштан жасалған үш дөңгелекті кішкене арба түрі. Тәлтіреңдеп аяғын басуға талпынып, әрнәрсені жағалап жүріп, қаз тұрған балаға тұсауы кесілген соң сүйеу болады деп арнайы жасап береді. Оның қазақы ортадағы негізгі атауы итарба. Жас нәрестенің алғашқы жейдесі итжейде деп аталатыны тәрізді атаудың семантикасынан архаикалық наным-сенімнің сорабын байқауға болады. Адақ арба аталуы оңтүстік пен оңтүстік батыс өңірде кездеседі. Мәні түркі тілдерінің сібір-алтай тобына жататын халықтарда сақталған «аяқ» мағынасын беретін адақ ұғымнан туған. Адақ арба немесе итарба қазақ ортасына отырықшылықпен бірге басқа халықтан келуі де мүмкін. Өйткені, ХІХ ғасырдың саяхатшылар жазбаларында бұл туралы деректер ұшыраспайды. Адақ арбаны жасау жолы мынадай: әуелі қырлап жонылған ұзындығы екі-үш қарыс келген төрт ағаш бір-біріне қашап біріктіріледі. Оның жоғарғы жағы бала ұстайтын тұтқа болады. Ал, төменгі жағындағысы ұзындауының екі ұшын жұмырлап жонып, оған ағаштан жонылған ортасы тесік ағаш дөңгелек салынып, мұрындықтап бекітеді. Содан кейін, астыңғы білік есебіндегі ағаштың тең ортасына қиысып келетіндей (перпендикуляр) етіп, ұз. екі қарыстай ағашты орнатады да, оның ұшын айырлап шығарып, ортасына үшінші дөңгелекті салады. Ең соңында алдындағы жалқы дөңгелекті қосып тұрған көлденең ағаш пен артқы төртбұрышты шаршының бала ұстайтын тұтқасының арасын қарғашалап сырықпен қосады. Осылай дайын болған адақ арбамен бала жүрген кезде салмағымен көтеріліп, шалқасынан құламас үшін алдыңғы жағына ауыр салмақ басып қояды. Балаға арнап жасап берген адақ арбаның тұтқасына ақтық байланады. Бала аяғын басқан соң адақ арбаны сақтап қояды, жас баласы бар туысқандар немесе көршілер ырымдап, қалап алады.