АЙҒАҚ

lat: AIǴAQ

дәстүрлі әдет-ғұрып құқығында айыпталушының «ақтығын» немесе «қаралығын» дәлелдейтін фактілер мен заттар немесе куәгер. А.-тың алғашқы туынды, тура, жанама түрлері болады: қылмысты өз көзімен көрген адамның дәлелдерін екінші біреу арқылы куәға тарту туынды айғақ; тергеудегі істің негізгі сұрақтарына тікелей дәлел болатын фактілер (айыпталушының мойын- дауы сияқты) тура айғақ; бір-біріне байланысты алғанда ғана дәлел бола алатын фактілер жиынтығы жанама айғақ билер сотында өзіндік ережелермен белгіленеді. А.-тың көрген А., естіген А. деген түрі бар. А. берушіні билер соты кез келген тараптан шақыра алады. Одан сұраққа салу «көрген көз айғақ, естіген сөз тайғақ» деген принцип бойынша жүргізіледі.                                                                                                                                                                                                                                                                 Болған қылмыстық іс-әрекет туралы білгені мен көрген дерегін бұлжытпай айтып беру мұсылмандық бойынша парыз ретінде Құранды басына қойып ант ете отырып куә береді. Күш көрсету, мәжбүрлеп А. тартуға тыйым салынған. Жалған А. беруші адамдар жазаланған. Айталық, дәстүрлі сот билігі бойынша, зинақорлық жасады деп айып тағылған кезде төрт куәгердің үшеуі шын, төртіншісі өтірік А. болса, онда бәрі бірдей жазаланады. Басқа қылмыстық істерді анықтауда екі А. беруші жеткілікті саналған. Естігеннен А.-қа қарағанда көрген А. жоғары бағаланады.