АЙТ

lat: AIT

мұсылмандардың ұлы мейрамы. Ислам дінінде екі айт мейрамы бар. Ол ораза айт, Құрбан айт деп аталады. Ораза А. отыз күн ораза біткеннен кейін шәууал айының 1-3 күндері өтеді. Ораза аяқталған соң мұсылман қауымы таңертең мешітте А. намазын оқуы парыз. Ораза айын рамазан айы деп те айтады. Пітір садақасы осы айда беріледі. Оны әр мұсылман мешітке апарып береді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Алла тағаланың сөзін осы рамазан айында естіген. Құрбан А. Ораза А.-тан 70 күннен кейін басталып, үш күнге созылады. Бұл Меккеге қажылыққа бару кезінің аяқталуына сәйкес келеді. Қажылыққа баратын ай зұлхижа деп аталады. Құрбан А.-та таңертеңгі А. намазынан кейін әр мұсылман мал сойып, құрбан шалады. Ауру, ақсақ, соқыр, жаралы, қотыр малды құрбандыққа шалуға болмайды. Құрбандық еті көпшілікке беріледі. Құрбан шалушыға жұрт «Құрбандық қабыл болсын дейді. А. күндері әр үйде дастарқан жайылып, таза киінген адамдар бір-біріне А.-қа құтты болсын айтып, құттықтайды, «айттық» сұрайды. Ашу-араздық болса татуласады, қателігін кешіреді. А. күндері, ораза кезінде қайтыс болғандар жақсы, иманды адамдар деп саналады. «Айт мүбәрәк болсын, айт мереке болсын! Айт құтты болсын! Айтсын, жақсылығы бірге болсын деген жақсы тілектер айтылады. А. күндері үлкен кіші сәнді киінеді, жеңіл-желпі ойын сауыққа тыйым салынбайды, бірақ дарақылыққа жол берілмейді. Ораза А., Құрбан А. мейрамы қазақтар арасында ежелден ұлы мейрам санатына қосылып, адалдық, мейірбандық, қайырымдылық, ынтымақтастықтың көрінісіне айналды.