БАЛҚАРАҒАЙ

lat: BALQARAǴAI

самырсын ағашының түрі. Қысы-жазы бірқалыпты түсін сақтайтын Б.-да самырсын жаңғағы өседі. Түркі-моңғол халықтарында Б., арша, шыршаның жасыл болу себебін түсіндіретін мифтік әңгімелер кездеседі. Оның қазақ ішіне таралған қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында зерттеу жүргізген А.Белослюдев жазып алған нұсқасы былайша баяндалады. «Ескендір патша тірі суды іздейді. Оған перілер көмектесіп, аңсаған арманын орындайды. Патша өмір суын ішкен соң мың жасайтынын біледі де, ойға кетеді. Ол «егер мұны ішсем мың жасайды екенмін, болашақта мені не күтіп тұрғаны да бұлдыр, одан да құдайдың өзі берген өлшеулі уақытымен күн кешейін» деп, тірі суды ішуден бас тартады да, су құйылған торсықты балқарағайдың бұтағына іле салады. Сол торсықты қарға шоқып, тесіп жібереді. Содан қарға мен әлгі балқарағай ағашы мың жасайтын болған екен». Бұл мифтің тағы бір нұсқасында Ескендір патша мәңгі суды торсыққа құйып әкеліп, балқарағайдың түбінде демалып жатқанда, құзғын шоқып, тесіп жібереді де, киелі су қарағайға, аршаға төгілгендіктен, ол ағаштар жап-жасыл болып, мәңгі жасайтын болады. Суға тұмсығы тиген құзғын да, судың жердегі қалдығын жалаған түлкі де жүні ағарғанша ұзақ жасайтын болғандығы айтылады. Б.-дың қазақтың дәстүрлі шаруашылығында қолданыстық маңызы үлкен болды. Ең алдымен Б.-дан дайындалған ағаштардан қыстаудағы тұрғын үй, қора-қопсылар тұрғызылды.