БӘЙБІШЕ

lat: BÁIBİSHE

байырғы отбасылық дәстүрде қалыптасқан жұбайлық мәртебе, бірнеше әйел алған ер адамның бірінші әйелі. Жасы үлкен әйелге де құрмет ретінде бәйбіше деген атау қолданылады. Ислам дінінде, шариғат заңында ер адамға төрт әйелмен қатар некеге тұруға рұқсат етіледі. Көп әйел алған ер адамның, яғни отағасының бірінші әйелі бәйбіше деп аталып, қалған әйелдері ретіне қарай үлкен тоқал, кіші тоқал, сондай-ақ, кішілік деп аталады. Бірінші әйелі қайтыс болып, ер адам екінші рет үйленсе де, дүниеден өткен бірінші әйелі бәйбіше қалпында аталады. Көп әйел алмаған ер адамның әйелі дана, елге сыйлы, ағайын-жұрт арасына сөзін жүргізе алатын беделді де ықпалды болса, егде тартқан жасында оны да бәйбіше деп атай береді. Қазақ отбасында бәйбішенің әлеуметтік орны тоқалға қарағанда жоғары, әрі салмақтырақ болған. Отбасының ұйытқысы болатын бәйбіше үй шаруашылығын өз қолында ұстап, үй-ішілік мәселелерді ер адамсыз-ақ шешіп отырған. Бәйбішенің үйі үлкен үй аталып, сырттан келер адам бірінші сол үйге түсетін болған. Дәстүрлі қарым-қатынас этикасы бойынша тоқал бәйбішенің атын тура атамай, «шешей» деп атап, бәйбіше нұсқауымен болатын шаруаларды атқарған. Тоқал үйі бөлек тігілген. Дәстүрлі ортаның тәлімін бойына сіңірген, тағылымды, кемеңгер бәйбішелер ел билігіне арласып, түйінді мәселелерді шешуге де араласқан. Үлкен ер адам жоқта ретіне қарай малға, асқа да бата жасай берген. Түз адамы – ердің қамын, бабын табуды мақсат етуші ақылды бәйбіше үшін өз ерінен өрбіген балалардың (тоқалдан туған болса да) жаттығы жоқ. Бәйбішені тоқалдың балалары «шеше» атап, өз шешелеріне көбінесе «жеңеше» деген.                                                                                                                                                                                                                    Бәйбіше сөзі түркі-моңғол тілдес халықтардың көпшілігінің тілдік қорында ұшырасады. Осыны негізге алып, бәйбіше сөзінің шығу төркініне, мағыналық сипатына салыстырмалы талдаулар жасаған тілші-ғалымдар сөз нұсқасының «бай» және «бише» сөздерінің бірігуі арқылы жасалған күрделі сөз екендігін айтып, тұжырым жасайды. Үй иесі, әйелдің күйеуі, бастаушы, рубасы, отбасы дегенді білдіретін «бай» мен әйел адам, қатын, бикеш ұғымын білдіретін «бише» сөздерінің бірігіп, дыбыстық өзгеріске түсіп, бас, басқарушы әйел деген мағынаға ие болғандығын айтады.                                                                                                                                                                                                                                                            Осылайша байырғы қазақ отбасында некелік туыстықпен байланысты этикалық қарым-қатынастың ерекше императивті нормалары қалыптасқан.