ДАҒДЫ

lat: DAǴDY

ой қызметінің және іс-әрекеттің ұзақ мерзім ішінде орныққан машықты тәсілдерінің атауы. Дағды ең алдымен тұлғалық қасиет. Дағды шартсыз рефлекстік құбылыс емес. Себебі, адамның әлеуметтік ортамен өзара себеп-салдарлық байланыста қалыптасатын өмірлік тәжірибесінің тікелей нәтижесі әрі осы тәжірибенің ең басты құрылымдық және функционалдық элементі болып табылады. Сонымен бірге дағдыны тұлғаның әлеуметтенуінің, бір жағынан, нәтижесі, екінші жағынан, негізгі факторларының бірі ретінде қарастыруға болады. Көшпелі ортада дағдының қоғамдық мәнге ие болуы ең алдымен қалыптасқан дәстүр және әдеттің нормалары мен ұстанымдарына сәйкестілігімен айғақталынды. Дағдыны этикалық, шаруашылық-кәсіптік, тұрмыстық-кәсіптік, саяси-институционалдық деп жіктеуге болады. Алайда, мұндай жіктеудің аражігі шартты. Іс жүзінде бір адамның бойындағы әртүрлі дағдылар өзара себеп-салдарлық байланыста болады. Мысалы, бидің немесе ақсақалдың билік жүргізу шеберлігі, «қара қылды қақ жаруға» мүдделілігі олардың әрқайсысының кісілігіне де байланысты болды. Яғни осы ретте кәсіби дағдының қоғамдық мәні аталмыш субъектілердің этикалық дағдылы ұстанымы арқылы да қамтамасыз етілді. Этикалық мәнді дағдыларды жағымды және қоғамға жат дағдылар деп жіктеуге болады. Қоғамға жат дағдылар көшпелі этномәдени ортада сынап-мінеудің, тіпті, қоғамдық сөгудің нысанына айналып отырды. Бұл дағдының осындай түрінің залалды немесе зардапты іс-әрекетке ұласуының алдын алуға мүмкіндік берді. Көшпелі ортада дағдылардың дені, әсіресе, шаруашылық, тұрмыстық, кәсіпшілік (аңшылық, құсбегілік, ұсталық, зергерлік және т.б.), институционалдық (билік жүргізу шеберлігі) салалардағы дағдылар ұрпақаралық-этникалық байланыс арқылы (әкеден балаға) беріліп отырды. Бірақ мирасқорлық дәстүрмен берілетін дағдының нағыз дағдылық сипатқа ие болуы тұлғаның әлеуметтік ортамен қарым-қатынасының нәтижесіне және оның кісілік қасиетіне де байланысты болды.