ДЕРМЕНЕ

lat: DERMENE

қазақтың дәстүрлі емшілігінде қолданылған, жусан тұқымдасына жататын, көп сабақты өсімдік. Дермене тамыз-қыркүйекте гүлдеп, қарашада жеміс береді. Дермене Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Қаратаудың етегінен Сырдарияның бастауына дейінгі далалы аймақта көп өседі. Дерменені ертеде жергілікті тұрғындар кептіріп, жүрек талмасы және ішек құрты ауруларына қарсы ұнтақтап шайға, тамаққа қосып науқасқа ішкізген. Басқа жерлерде мүлдем өспейтін дерменені қазақтар керуен жолдары арқылы сырт елдерге шығарған екен. 1830 жылы дермене құрамынан сантонин деп аталатын зат анықталған соң, оның тауарлық құны арта түсті.                                                                                                                                Дермененің 50 пұтынан 1 пұт сантонин алынған екен. Оның бағалы болғаны сондай, қазақ жерінде 6-8 тиын тұрса, Германияда 19 сомға дейін жеткен. 1838 жылы дермене өскен алқапты орыс көпесі Савинков жалға алып, арнайы зауыт салған. ХIХ ғ. 50-жж. бастап Орынбор арқылы Нижегород, әрiсi Германия, Англияға тасымалданатын негiзгi шикiзат болған. 1847 жылы 785 пұт, 1859 жылы 3142, 1862 жылы 16695 пұт тасымалданған. 1869 жылы Ташкентте (иесi Н.Б. Тейх), 1875 жылы Орынборда дерменені өңдеп дәрi жасайтын зауыт салынған.