ДЕРТ

lat: DERT

дәстүрлі орта түсінігінде адамға сыртқы күш ықпалымен келетін кесел. Дерт көбінесе көзге көрінбейтін тылсым күштерден, зиянкес жын-шайтандар әсерінен пайда болады дейді. Байырғы дүниетанымдық түсінік бойынша, ауру тән азабы, дерт жан азабы. Дерт адамның жан дүниесімен тығыз байланысты, көбінесе уайым, қайғыдан болады деп ұғынған.     Ертеде қазақтар дертке шалдыққан адамды аластау, ұшықтау, үшкіру, дұға оқу, дертті көшіру тәрізді әртүрлі амал-тәсілдерді қолдану арқылы емдеген. Көбінесе киелі орындарға барып, аруақтарға сыйынып, дұға қылған, ұшықтаған, сонымен қатар халық емшілерінің емдеу тәсілдері мен ем-домдарын пайдаланған. Халық емшілері дертке шалдыққан адамның тамырын ұстау арқылы жүрек қағысын, терең дем алдырып өкпесін тексеріп, сыртқы пішініне, жүрісіне, өңіне назар сала отырып, оның денесіндегі ерекшеліктер мен өзгешеліктерді аңғара отырып, науқастың ауыратын жерлерін саусақтың ұшымен, алақанмен сипай отырып анықтаған. Ертеде Қазақтар дертке шалдыққан адамды, мифтік үш әлемді, яғни аспанды, жерді, жерастын вертикальді түрде жалғастырып тұрады деген көне наным-сеніммен, «киелі ағашқа» апарып, басына сыйынып, ырым етіп ақтық (шүберек, әлем) байлап, дерттен арылтуға ниет еткен. Қазақтың «Дерт басқыр!», «Дерт тигір!» деген сөзі қарғыстың ең ауыр түрі болып саналады.                                                                                                                          Бір дерт бір дертті қозғайды, кейбір ауру, дерт күшейсе, асқына түссе не оны емдеу барысында соған жанасымды екінші бір дертті қоздырып, ауруды көбейтіп алуы мүмкін. Алайда ол дерттің себебін, айықтыру емін немесе оған қарсы шараларды өз кезінде дәл тауып емдемесе, ол асқынып, одан басқа жаман әдеттердің пайда болуына әкеп соқтыруы да мүмкін болатынын ескерген қауым тез арада жазылудың қамын қылып, дәстүрлі емдік тәсілдерге жүгінген. Қазақтың «өшпеген өртке, көшпеген дертке душар болма» деген тілек сөзі дерт зардабының қаншалықты ауыр болатындығын білдіргендігі екені айқын.                                                                                                                                                                                        Халықтық ұғым бойынша, сұқтана қарағаннан асыл затқа, сәбиге, малға тіл мен көз тиіп, дертке ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда «тіл кестіру» жоралғысын жасайды. Дертке шалдыққан адамды бірнеше күнге, кейде айлап оңаша үйге сақтап, бақсы, балгерлер ем-домын жасатады. Науқас адамды сол уақыттарда ешкіммен сөйлестірмей, бойын таза сақтап, Тәңірден тілек тілеп, әруақтарға дұға оқиды. «Тіл кестіру» уақыты аяқталған соң, ел-жұртты шақырып, құдайы ас береді, біраз уақытқа дейін көпшілікпен араластырмайды.