БЕСІК

lat: BESİK

қазақы ортада нәрестені бөлеуге арналып жасалған ағаш төсек. Бесік ертеде көшіп-қонуға ыңғайлы, алмалы-салмалы етіп талдан жасалған. «Тал бесік» деп аталуы да осыған байланысты қалыптасқан. Бесік құрама бөліктерден тұрады. Белағаш – бесік арқалығы, бесіктің негізгі екі басы бөген деп аталады. Бөген жас талдан иіп жасалады, оны арқалық ағаш жалғастырып тұрады. Имектеліп келген екі басының төменгі жағы ұзына бойы төртбұрышты қабырғалар арқылы жалғасып, бесіктің түбі сол қабырғалардың астыңғы жағына бекітіледі және оған киіз төселеді. Төрт жақтау ағашы: екі жақтаудың ұз. белағашпен бірдей, ал қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екеуі бесіктің енімен бірдей болады. Ал төрт шабақ ағашты ортасынан жара жонып, сүргілеп, бесіктің екі бөгенінің аяқтарын қосып тұрған қос оқтауға біркелкі қашықтықта қашалып, көлденең бекітіледі. Екі сабау ағаш бесіктің қос бөгенін қосып тұрған екі жақтауының астына түседі, жорға ағашы бесік бөгендерінің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі (оны кейде бесіктің табаны деп те атайды). Бесікбаудың екінші ұштары бесіктің арқалық ағашына байланады.                                                                                                                                                                                                                                                          Бесік шабақтарының үстіне тоқылған ши төсеніш ұзынынан жайылады, түбекке арналып ойық қалдырылады. Шидің үстіне түбек тұсына ойығы бар мақта немесе жұқа жүн салынып жасалған жұқа көрпеше төселеді, көрпешенің үстіне құс мамығы салынып жасалған жұмсақ төсеніш құс төсек, құс мамығы толтырылған кішкене жастық қойылады. Шыт матадан арасына жұқалап мақта салынған жаздық көрпе және түйе жүні салынып тігілген қыстық жамылғымен, сәбиді орауға арналған жұмсақ матадан тігілген жаялықтармен, сәбидің жамбас тұсы, тізе аралығы қажалмау үшін салынатын кішкене жастықшалармен жабдықталады. Сондай-ақ сәбиді бесікке бөлегенде көкірек тұсынан және тізеліктің үстінентартып байлайтын тартпа баулары биязы жүннен тоқылып немесе матадан ызылып жасалады. Сәбиді маса-шыбыннан, желден, күн көзінен қорғау үшін бесік үстіне жабылатын, кестелеп тігілген сәнді матаны бесік жапқыш деп атайды. Бесіктің өзіндік ерекшеліктері мен жасалу материалдарына байланысты жел бесік, тал бесік, қайың бесік, қарағай бесік деп аталатын түрлері бар.     Бесік ағашы – бесіктің ағаштан жасалатын қаңқа материалдарының, бөлшектерінің жалпы атауы. Ертеректе бесікті талдан иіп және қарағай, шырша, самырсын ағаштарының тақтайынан жіңішке етіп тіліп жасаған, талдан иіп жасаған бесік жеңіл, берік, атқа өңгеруге ыңғайлы болады. Арқалықтың әр жерінен ыстық шымшуырмен немесе қыздырылған темірмен қарып, ырым жасайды. Арқалыққа боялған асық, шылдырмақ сияқты баланы алдарқататын жеңіл ойыншық түрлерін, бесік басына бәле-бәтерден сақтау үшін аю, үкі, бүркіттің тұяғын іліп, үкі жүнін тағып, тұмар (дұғалық) қадап қоятын болған.                                                                                                                                                                                                                  Бесік жасау алдында шеберлер ата-бабалары мен ұстаздарына сыйынып, Алла Тағаладан жұмыстың сәтті аяқталуын тілейді. Бесікке пайдаланылатын ағаштарды арша түтінімен үш қайтара айналдырып, аластап тазартып алғаннан кейін ғана іске кірісетін.                                                                                                                                                                                      Бесіктің сәби денсаулығына пайдасы өте зор. Сәбидің бойы таза болады, ыстықтың аптабынан, желдің өтінен, жердің сызынан, суықтан сақтап, сәбидің тез ширауына ықпалын тигізеді. Әсіресе қыс айларында бала жылы жатады. Бесікте жатқан бала денесіне нәжіс, зәр тимей, тәні таза болып, әртүрлі тері ауруларына шалдықпайды. Арнайы түбек және шүмек жасалады. Нәрестенің нәжісінің иісі шықпас үшін түбектің түбіне күл салып қояды. Күл салынған түбекті тазалау да оңай. Баланың зәрі қойдың асықты жілігінен жасалған шүмек арқылы түбекке ағады. Ол майға қайнатылып тазартылады.                                                                                                                                                                                                                                Бесік жеңіл ағаштан ықшам жасалғандықтан, көшіп-қонып жүргенде ат үстінде алып жүруге де, бос болса жүкпен артып жүруге де қолайлы. Көшіп жүргенде баланың жаялығын ауыстырудың қажеті жоқ. Сондықтан боран, жауын-шашын бола қалған жағдайда бесіктегі бала суық тиюден аман болады. Тербетілген бесіктің теңселуіне ілесе айтылған ана әлдиін (бесік жырын) тыңдап жатқан бала саз, әуен ырғағын тез қабылдайды. Нәресте кезінен-ақ әуенге бейім болып өседі, есту сезімі ерте қалыптасады. Бесікке бөлеулі баланың анасы үй шаруасында көптеген істерін атқаруға мүмкіндік алады. Халық бесікті өз ұғымдарындағы, наным-сеніміндегі жын-шайтан, албасты, үббе, сияқты т.б. мифологиялық қауіп иелерінен қорғайтын киелі орын деп ұққан. Сондықтан баланы бесікке салу рәсімі ауылдастар арасында арнайы тойланып, арнайы әдет-ғұрып салттары, ырым жоралғылары жасалады. Қазақ бесікті ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалдырған. Кездейсоқ жағдайға байланысты қирап қалмаса, оны өздігінен отқа жағуға болмайды. Себебі ұрпақтың ғұмыры қысқа болады деп ырымдаған.